Депутаттар қыз алып қашуға қатысты жазаны күшейтуді ұсынды
|
Мәжіліс депутаттары қыз алып қашуға қарсылық білдіріп, бұл үрдіске қатаң тыйым салуды талап етті, деп хабарлады 24.kz
Олардың айтуынша, заңға арнайы норма енгізіп, адам ұрлағандардың жазасын күшейту керек. Былтыр 13 іс сотқа жетсе, биылғы 8 айда 18 қызды алып қашқан. Ең сорақысы, көп жағдайда адам ұрлау фактілері назардан тыс қалып жатыр. Үш жылдың ішінде 214 оқиға бойынша қылмыстық іс қозғауға ұсыныс берілген. Бірақ, оның 10-ы ғана сотқа жетіпті. Қалған іс қылмыс құрамы жоқ деп жабылған.
Депутат Мұрат Әбенов полицияға жүгінбеген қыздар одан да көп болуы мүмкін екенін топшылайды. Бұл сөзді әріптесі Еділ Жаңбыршин да қуаттады. Ол өзінің үш қыз өсіріп отырғанын жеткізіп, қылмыстың жазасын күшейтуді талап етті. Өз кезегінде Мәжіліс төрағасы өзекті тақырып алдағы уақытта қаралатынын айтты.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы: - Бүгінгі заңның аясына бұл келмейді, бірақ алдымызда Қылмыстық кодекс пен Қылмыстық-процессуалдық кодексті қарайтын заң жобалары келе жатыр ғой, екі заң жобасы. Сол заң жобасының аясында қарау керек деп ойлаймын. Депутаттар, Жаңбыршин мырза бар, Әбенов мырза, сіздер өздеріңіздің ұсыныстарыңызды беруге құқықтарыңыз бар осы бойынша. Басқа депутаттар да қолдайды деп ойлаймын және бұл мәселеге тек моральдық емес, заңдық тұрғыдан да баға берілуге тиіс.