Дәрігердің көмегінсіз ауруды анықтайтын қосымша жасалды. Медициналық скринингтен өтетін жұмысшы 3 күн демалыс алуға құқылы
Дәрігердің көмегінсіз ауруды анықтайтын қосымша жасалды. Медициналық скринингтен өтетін жұмысшы 3 күн демалыс алуға құқылы
2 ай бұрын 561 24.kz kaz.inform.kz naryk.kz Айжан Серікжанқызы, Ақерке Дәуренбекқызы, Есімжан Нақтыбай, Тастан Тоянов. Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Анализдерді қосымшаға жүктеу жеткілікті. Құжаттағы деректер санаулы минуттарда терең сарапталып, адамның қандай дертке шалдығу қаупі бар екенін анықтап береді, деп хабарлайды 24kz.

Тың жоба медициналық орталықтар мен ауруханаларға ұсынылмақ. Ол – Astana Hub базасындағы арнайы бағдарламаға қабылданған 20 жобаның бірі. Сонымен қатар, бұл қатарда қаржы, медицина, сауда, жол көлік қозғалысы сынды салаларға қатысты стартаптар да бар.

Ербол Ахметов, Astana Hub бизнес бағдарламалар бойынша директоры: - Бұл жерде 360 адамның ішінен таңдалып алынған үздіктер жиналған. Алғашында 20 жоба мақұлданған болатын. Өкінішке қарай, 12 стартап қана жүзеге асып отыр. Бұл бағдарламаны былтыр бастаған кезде сұраныстың жоғары екенін байқадық. Өз идеяларын қалай жүзеге асырарын білмей жүрген жастар көп екенін түсіндік. Сондықтан сондай жастарға жобалаудан бастап, дайын өнімге жетуді үйретеміз.

Саятжан Мади, стартапер: - Медицинада қателесуге болмайды. Сондықтан біз ғылыми дәлелденген математикалық теңдеулерді қолданатын стартап ойлап таптық. Жасанды интеллект анализдегі деректерді көшіріп, оларды формулаларға салып, саралап шығады. Сол ақпарат негізінде қандай дәрігерге көріну керек екенін ұсынады.

Медициналық скринингтен өтетін жұмысшы 3 күн демалыс алуға құқылы

KAZINFORM — Елімізде әрбір жұмыскерге медициналық скринингтен өту үшін үш күндік заңды демалыс беріледі. Аталған әлеуметтік демалыс туралы Еңбек кодексінің 87-бабында жазылған. Еңбек кодексінегі жаңашылдықтың енгеніне біраз уақыт өтсе де бұл құқықты қолданатындар қатары көбеймей отыр. Тіпті, біразы бейхабар болуы да мүмкін. Демалысты қалай рәсімдеу керек және жұмыс беруші демалыс бермесе, қайда жүгіну керек — Kazinform тілшісінің материалында. 

 

Әлеуметтік демалыс қалай рәсімделеді

Скрининг – нақты бір жас тобындағы азаматтарға аурулардың алдын алуға, ерте кезеңде анықтауға арналған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің бас сарапшысы Шолпан Молдабекованың айтуынша, ҚР денсаулық сақтау саласындағы кейбір заңнамалық актілерге 2020 жылы өзгерістер енгізілді. Сол жылы жұмыс берушіге скринингтік зерттеулер өтуге демалыс беру міндеті енгізілді.

– Жұмыс берушілер кедергісіз, жұмысшының жұмыс орнын сақтай отырып, орташа жалақысын сақтай отырып осы демалыстарды беруге міндетті. Мысалы бұл үш күн бір жолы беріледі немесе бір жылдың ішінде бөлініп берілуі мүмкін. Бұл еңбек демалысы жұмыскердің еңбек стажына кіреді, жұмыс орны сақталады, жалақысы сақталады. Ал егер жұмыс беруші еңбек демалыстарын, оның ішінде әлеуметтік демалыстарды беруден бас тартса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Айыппұл мөлшері кәсіпкерлік субъектісінің түріне байланысты 20-дан 100 МРП-ға дейін (400 мың теңгеге дейін) жетуі мүмкін, – деді Шолпан Молдабекова.

Скринингтен өту қажеттігін учаскелік дәрігерлер анықтайды. Яғни, олар белгілі бір жас тобындағы тұрғындарға қоңырау шалады немесе 1414 нөмірі арқылы, Damumed және 109 қосымшалары арқылы хабарлама жібереді. Осы хабарлама скринингтік зерттеулерге демалыс алуға негіз болады және жұмысшы үш күндік демалыс алуға өтініш жазады.

Егер жұмыс беруші әлеуметтік демалыс беруден бас тартса, қызметкер тұрғылықты жері бойынша Еңбек инспекциясына шағымдана алады.

Қандай скринингтер қолжетімді

Әдетте скринингтер 30 жастан басталады. Мұндай тексерулер қатарына жүрек-қан тамырлары жүйесінің аурулары (артериалдық гипертония, ишемиялық жүрек ауруы), қант диабеті, глаукома, онкологиялық аурулар — сүт безі рагы, жатыр мойны рагы, колоректальды рак, В және С вирустық гепатиттері және ми қан айналымының бұзылыстары кіреді. Мұндай профилактика ауыр ауруларды ерте анықтап, мүгедектікке немесе өлімге әкелетін күрделі асқынулардың алдын алуға көмектеседі.

2025 жылға дейін онкоскринингтер МӘМС пакетіне қамтылған сақтандырылған адамдарға ғана қолжетімді болды. Алайда медициналық қызмет көрсету тәртібі қайта қаралғаннан кейін, олар кепілдендірілген тегін медициналық көмектің көлеміне енгізіліп, сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық қазақстандықтарға қолжетімді болды.

— Бүгінгі таңда скринингтердің көпшілігі тегін медициналық көмек көлемі аясында жүргізіледі. Мысалы, қан айналымы жүйесінің аурулары мен қант диабетіне арналған тексерулер толықтай осы пакетке енгізілген. Президент тапсырмасымен 2025 жылдан бастап барлық онкоскрининг кезеңдері тегін болды. Бұл тексерулердің қолжетімділігін, үздіксіздігін қамтамасыз етеді, — деді С.Қайрбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтау орталығының бастапқы медициналық-санитарлық көмектің жетекшісі Әсел Хасенова.

Айта кететін жайт, үш күндік әлеуметтік демалыс тек қана скринингке байланысты емес, жүктіліктің алғашқы 10 аптасына дейін тіркеуге тұруға да арналған. Яғни, жүкті болған кезде де 10 аптаға дейін «ерте тіркеу» ұғымы бар. Демалысты осыған да қолдануға болады.

Ауруы анықталғандарға «жасыл дәліз» қолданылады

Дәрігерлер халықтың көпшілігі хабардар болса да, денсаулығына немқұрайлы қарайтынын айтуда. Мысалы, елордадағы емханалардың бірі күніне 30 науқасқа хабарласып, скринингке шақырса, 10-ы ғана тексерілуге келеді.

– Омырау қатерлі ісігі, тоқ ішек қатерлі ісігі, артериялық қан қысымы немесе қант диабетін бізге келген 30 адамның 10-ынан немесе бесеуінен анықтап отырмыз. Жатыр мойны ісігі, сүт безі ісігі келген адамдардың 10 пайызынан анықталып отыр. Олардың алдын алу үшін 30 жастан бастап әр 4 жыл сайын скринингке келу керек. Қант диабеті, артериялық қан қысымы тексеруі – 40 жастан басталады және екі жылда бір рет өтеді. Тоқ ішек ісігінің скринингі 50 жастан басталады, – дейді Жалпы практика дәрігері Жансая Темірбекқызы.

Дәрігердің айтуынша, қазір аурулардың басым бөлігі жасарып жатыр.

– Мен білетін қант диабеті мен қан қысымының жоғарылауы, онкологиялық аурулар бойынша бұрын 50-60 жастан асқандар жиі келетін. Қазір 30-40 жастан асқандар көбейген. Қазір көптеген адам денсаулығына көңіл бөлмейді, арнайы келіп, скринингтен өтетіндер саусақпен санаулы, – деді ол.

Сонымен бірге, осындай скринингте ауруы анықталғандарға «жасыл дәліз» тәсілі қолданылады.

– Бұл науқастар еш кедергісіз тікелей онколог-мамандарға кеңес алуға жіберіледі, арнайы тексерілу тәртібі жасалады. Өйткені ол науқастарды емханалар жоғалтып алмауы керек. Сол себепті «жасыл коридор» қарастырылған және көптеген нұсқаулықтар, бұйрықтар бар, – деп түсіндірді Медициналық-санитарлық алғашқы көмек орталығының бас маманы Лаура Қожагелидева.

Айта кетейік, онкологиялық скринингтер үшін мемлекет есебінен 553 миллион теңге бөлінді. Бұл бағдарлама 80 мыңнан астам азаматты қамтиды.

Ал СҚО-да скринингіден өткен әр үшінші адамнан туберкулез инфекциясы анықталды.

Елімізде скринингпен қамтылған қазақстандықтардың саны 4 миллионға жетті.

Айжан Серікжанқызы

 

Оқушыларға қандай медициналық көмек тегін көрсетіледі

KAZINFORM – Оқу жылы басталғалы бері ата-аналар балаларына қандай тегін медициналық қызметтер көрсетілетінін білгісі келеді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры бұл сұраққа жауап берді. 

Оқушылар МӘМС жүйесінде автоматты түрде сақтандырылған, яғни олар үшін жарнаны мемлекет төлейді. Сондықтан балалар кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемінде де, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті аясында да барлық қажетті медициналық қызметтерді ала алады.

Оқушыларға мектеп медицинасы, стоматологиялық қызметтер, дәрігерлердің консультациялары, зертханалық талдаулар, құрал-жабдық диагностикасы (УДЗ, рентген, КТ, МРТ және т.б.), күндізгі стационар, тәулік бойғы стационар, оңалту қызметтері, аурулардың тізімі бойынша дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, жоғары технологиялық медициналық көмек қолжетімді.

«Мектеп медицинасы» деген не?

Бұл – білім беру ұйымдарында мектеп және мектепке дейінгі балаларға көрсетілетін медициналық көмек. Оған балалардың денсаулығын қорғау мен нығайту, аурулардың алдын алу және олардың денсаулық жағдайын динамикалық бақылау кіреді. 

Мектеп медицинасына:

– Алдын ала медициналық қарауларды жүргізу;

– Оқу және демалыс уақытындағы сауықтыру іс-шаралары;

– Аурулардың алдын алу;

– Денсаулықты нығайту және дұрыс тамақтануды насихаттау;

– Репродуктивті денсаулықты қорғау;

– Психикалық денсаулықты қорғау, суицид, темекі шегу, есірткі мен улы заттарға әуестік, ойынға тәуелділіктің алдын алу;

– Ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес вакцинация жүргізу;

– Алдын ала қараулар нәтижесі бойынша оқушыларды терең медициналық тексеруге жолдау;

– Санитарлық ережелерді сақтау жатады. 

Бұл қызметтер мектеп орналасқан аумақтағы емхана арқылы көрсетіледі. Мектептердегі медициналық қызметкерлер оқу жылы барысында балаларды бақылап, уақытылы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

– Кейде бізге ата-аналардан балаларын рұқсатсыз басқа медициналық ұйымға тіркеп қойғаны туралы шағымдар түседі. Мұндай пікірдің пайда болуына жүйеде баланың басқа емханадан медициналық қызмет алғаны туралы ақпараттың көрінуі. Алайда, іс жүзінде бұл қызметті баланың оқып жатқан мектебі қарайтын емхана көрсеткен, - дейді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасының орынбасары Индира Саркенова.

Естеріңізге салайық, Президент Денсаулық сақтау министріне міндетті медициналық сақтандыру жүйесін тиімді етуді тапсырған еді. 

Ақерке Дәуренбекқызы

Дәрігерге сирек қаралатын адамдардың медициналық тарифі 20 пайыз қысқарады

KAZINFORM – Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Астана қаласы бойынша филиалының директоры Гүлжан Шайхыбекова Астана қалалық мәслихатының депутаттарына 2026 жылы күшіне енетін жаңа бұйрықтың салдары туралы мәлімет берді.

- Келер жылы бізді не күтіп тұр? 2026 жыл – бірыңғай пакетке көшетін жыл. Медициналық көмектің негізгі көлемі медициналық сақтандыруға көшеді. Сәйкесінше бізге халықты барынша медициналық сақтандыру жүйесімен қамту керек. Бізде Денсаулық сақтау министрлігінде жаңа қабылданған бұйрық туралы жеке отырыс болды. Ол бұйрықта кейінгі 12 айдың ішінде өзі бекітілген емханаға бас сұқпаған әрбір тұлғаға, ол бала болса да, ересек адам болса да, жан басына шаққандағы кешенді норматив бойынша 80 пайыз ғана тариф төлеу көзделген, яғни тариф 20 пайыз төмендейді. Ал емхана бекітілгенімен медициналық сақтандырылмаған әрбір тұрғын үшін төленетін тариф 10 пайыз төмендейді, - деді ол.

Қор өкілі ол шешімнің қазірдің өзінде қаржыландыру бойынша проблемасы бар емханаларға ауыр тиетінін айтады.

- Мұндай шешім әр емхана өзіне бекітілген пациенттерді бақылауын күшейтсін деген ниетпен қабылданып отырған шығар. Екіншіден, денсаулық сақтау жүйесі арқылы халықты мейлінше көбірек қамту үшін қабылданып отырса керек. Бізде 5-6 емхана бар. Олардың халықты қамту көрсеткіші өте төмен. Қала бойынша орташа қамту деңгейі 83,6 пайыз болса, аталған емханаларда қамтылған халықтың үлесі 76-80 пайыз көлемінде ғана. Осындай емханалар жыл аяғына қарай қаржыдан тарлық көріп қалуы мүмкін. Ал егер кредиторлық берешегі болса, тіпті артуы мүмкін. Бұл №8, №13, №14 емхана сияқты мекемелер, - деді Гүлжан Шайхыбекова.

Мәслихат депутаттары бұл бұйрықтың күшін жою мәселесін Мәжіліс деңгейінде көтеру керек деген байламға келді.

Бірі мұндай бұйрықты әр науқасты емханаға формалды жолмен келтіру арқылы айналып өтуге болатынын айтса, екіншілері дәрігерлерді өз міндетіне кірмейтін басы артық шаруамен жүктеуге ешкімнің хақы жоқ деген ой айтты.

Айта кетейік, 7 қазандағы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов келер жылы тұрмысы төмен азаматтар медициналық сақтандыру жүйесімен бюджет есебінен қамтылатынын айтқан еді. 

Есімжан Нақтыбай

Қазақстанда жұмыссыз азаматтардың МӘМС-ке қатысу мүмкіндігі артады

KAZINFORM – 2026 жылдан бастап елімізде 1 миллионға жуық азамат жоспарлы медициналық көмекпен қамтылады. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген жаңа бұйрық жобасында айтылған. 

Аталған құжат 2025 жылғы 14 шілдеде қабылданған «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және медициналық қызмет көрсету мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» №206-VIII ҚРЗ Заңына сәйкес әзірленген.

– Жоба Мемлекет тарапынан әлеуметтік әл-ауқаты дағдарыстық немесе төтенше деңгейдегі жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек алу мақсатында жергілікті бюджет есебінен жарна төлеу тәртібін нақтылау үшін жасалды, - делінген құжат мәтінінде.

Сонымен қатар 2026 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен қосымша шамамен 1 миллион адамды (5%) МӘМС жүйесіне қосу жоспарланып отыр. Бұл халықтың денсаулығын жақсартуға және жалпы ұлттық әл-ауқатты арттыруға сеп болмақ.

Жоба «Ашық НҚА» порталында жарияланып, 18 тамызға дейін қоғамдық талқылауға ұсынылған.

Бұған дейін, Алматыда биыл МӘМС жүйесіне 95 мың тұрғын қосылатынын жазғанбыз. 

Тастан Тоянов

Бір адамға кететін медициналық шығын 258 мың теңгеге жетті

Кейінгі жеті жылда Қазақстанда медициналық қызметке жұмсалатын шығындар едәуір өсті. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, бір қазақстандыққа шаққандағы медициналық шығын 2,6 есе өсіп, 98 мың теңгеден 258 мың теңгеге жетті.

Дәрігерлердің жалақысы да өсті

Осы кезеңде медицина қызметкерлерінің орташа айлығы шамамен 2,5 есе артқан. Дәрігерлердің еңбекақысы 159 мың теңгеден 442 мың теңгеге дейін көтерілді.

Ал медициналық қызмет көрсету көлемі — соның ішінде алғашқы көмек пен консультативтік-диагностикалық қызметтер саны — 2,7 есе артқан.

Әлеуметтік әділеттілік қағидаты

Министрдің айтуынша, соңғы жылдары ең үлкен нәтижелердің бірі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің әлеуметтік теңгерімді қағидаттарын іске асыру.

«МӘМС жүйесінің басты қағидасы — ауқатты адам кедей үшін, сау адам науқас үшін төлейді. Бұл модель әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етіп, барша азаматтарға медициналық көмектің қолжетімді болуына мүмкіндік беріп отыр», — деді Ақмарал Әлназарова.

 

 

0 пікір
Мұрағат