Бүкіл Қазақстанның биылғы кірісі Apple компаниясының табысынан 10 есе аз болып шықты
|
Әлеммен алыс-берістің артуына жеке министрліктің құрылуы да серпін бере алмады. Бүгінде бір тосын көрініс қалыптасуда: ресми көрсеткіштерге үңілсек, Қазақстан дәл бір жан-жағынан қыспаққа қалып, экономикалық блокадаға түсіп, санкциялар соққысынан бас көтере алмай жатқандай сезім туады. Өйткені біраз уақыттан бері республиканың дүниежүзі елдерімен сауда-саттығы құлдырап бара жатыр. Биыл бұл көрсеткіш, әсіресе экспортымыз рекордтық деңгейде құлдырады, деп жазады inbusiness.kz.
Ұлттық статистика бюросы 2021 жылғы қаңтар-наурызда Қазақстанның сыртқы сауда айналымы небары 19 млрд 729,8 млн АҚШ долларын құрап, 2020 жылғы қаңтар-наурызбен салыстырғанда номиналды мәнде – -9,4%-ға құлағанын жариялады. Соның ішінде экспорттан бар-жоғы 11 млрд 526,5 млн доллар түскен, бұл былтырғыдан 19,7%-ға аз! Салыстыру үшін айтсақ, Американың жалғыз бір Apple компаниясы 2021 жылғы І тоқсанда 111,4 миллиард доллар табыс тапты. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 21%-ға артық! Осылайша, Айфон және басқа да әлем жұртшылығы құмарлана пайдаланатын өнімдердің өндірушісі өзінің бүкіл тарихындағы кезекті рекорд шыңын бағындырып отыр. Сонда Қазақстанның бүкіл Үкіметі жабылып жүріп жасаған тірлігі бір компанияның тырнағына да тұрмайтын болып шықты.
Осы тұста тағы бір көрнекті салыстырмалы талдауды келтіре кеткен жөн. Ол да Қазақстан үшін көңілсіз. Нағыз қыспақтың қиыншылығын тартып, бүкіл Батыс әлемімен санкциялық шайқас жүргізіп жатқан солтүстік көрші биылғы І-тоқсандағы көрсеткіштерін жариялады: Ресейдің сыртқы сауда айналымы былтырғыға қарағанда биылғы қаңтар-наурыз аралығында 6,7%-ға өскен! Сөйтіп, 155,2 миллиард долларға жетті. Ең маңыздысы, РФ экспорты 2021 жылғы бірінші тоқсанда 1,5%-ға өсіп, 92,5 миллиард долларды құрады. Ал Қазақстанның саладағы рецессия тұйығынан қашан шығатыны белгісіз. Жағдайды құтқарып қалуға тырысса керек, Сауда және интеграция министрлігі (СИМ) «2025 жылға дейін сауданы дамытудың тұжырымдамасы» жобасын жария етті. Құжат Үкімет қаулысымен 2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі деп жоспарлануда. Сарапшылардың байламынша, сауда – жалпы ішкі өнімнің өсуіне оң ықпал ете отырып, экономикалық дамудың драйверіне айнала алады. Әлемдік сауда өзге елдердің дамуына жақсы ықпал етуде.
Мысалы, алпауыт АҚШ өз ЖІӨ-сінің 6,6%-ын содан тауып отыр. Қытайда – 6%, Германияда – 4,1%, Ресейде – 0,99%. Әлемдік сауданың Қазақстанның ЖІӨ-сіне әсері бар-жоғы 0,13% ғана. Соған қарамастан, сауда саласы маңызды сектор саналады. Байырғы заманнан өз жері арқылы Ұлы Жібек жолы мен керуен жолдарын өткізген қазақ елі қазір де «саудагерлер елі» болып қалуда. Рас, негізінен, ішкі көтерме және бөлшек сауда дамуда: оның Қазақстанның ЖІӨ-сіндегі үлесі 16,5%. Елімізде 1,4 миллионнан астам саудагер жұмыс істейді.
«Сауда секторының дамуы отандық өндіріс өсуінің алғышарты болып табылады, өйткені сауда басқа өндіріс салаларымен тығыз байланысты және олардың тауарлары мен қызметтерін ел ішінде де, шетелде де ілгерілетеді. Егер сауда секторы дұрыс жұмыс істемесе, онда кез-келген тауар мен қызметтердің өндірісінен мағына қалмайды және ондай өндіріс тұрақты және сапалы экономикалық өсімді қамтамасыз ете алмайды», – делінген тұжырымдамада. Ведомствоға сенсек, сектор үнемі Үкімет назарынан қалыс қалып келіпті. «Соңғы жылдары Қазақстанда экономиканың нақты секторында негізінен материалдық өндіріс салаларын дамытуға баса назар аударылды, ал сауда секторы ешқашан дамудың басым бағыты болған емес. Қазақстандағы сауда секторы Үкіметтің белсенді араласуынсыз және қолдауынсыз жұмыс істей алады және дами алады деген сенім болды», – деп өкініш білдірді министрлік. СИМ талдауынша, Қазақстанда ірі сауда орталықтары мен қаптаған шағын дүкендер тек жеке инвестициялар есебінен тұрғызылды, бұл өсім «экстенсивті сипатқа» ие болды. Осылайша, «ішкі нарық сауда ифрақұрылымымен сан жағынан молыққанымен, ол сапаға айнала алмады»: сауда орындарының көбі заманауи талаптарға сәйкес келмейтін көрінеді.
Салдарынан, мемлекетке енді бұл секторды қайта құруға тура келуде, көптеген ашық-жабық базарлар, сауда орындары қарапайым бақылау-кассалық аппараттармен жабдықталмаған, таразыдан жеу секілді тұтынушылар құқығын аяққа таптау белең алған. Елімізде гипер-супермаркет, сауда орталықтары секілді әлдеқайда озық сауда нысандарының пайда болғанына ширек ғасырдан асты.
Алайда ел Үкіметінің жалдауымен нарықты зерделеген америкалық Nielsen көңіл көншітпейтін қорытындыға келді. Тәуелсіз зерттеу көрсеткендей, Қазақстанда халықтың ең көп бас сұғатын жері сол баяғыдай үй жанындағы шағын дүкендер мен дүңгіршектер болып қалуда: олардың үлесі – 17,8%. Тұтынушылар содан кейін супермаркеттерге көбірек барады, үлесі – 5,7%. Даладағы ашық базарлар үлесі 3,6%-ға дейін төмендеген (2018 жылы 18% болған). Гипермаркеттер үлесі 3,7% ғана, себебі негізінен ірі қалаларда ғана таралған. Шағын дүкендерге тәуелділіктің теріс жағы бар: оның қожайындары жеңілдік-акциялар ұйымдастыра бермейді, бағасы да қымбат. Кейбір ауыл-кентте олар тіпті бейресми монополист мәртебесіне, үстем жағдайға ие. «Алсаң ал, алмасаң қой, басқасы алады» деген психология жойылмаған. Ресми статистика қазақстандықтардың сауда орындары тапшылығын тартып отырғанын көрсетеді: елімізде халықтың сауда алаңдарымен қамтамасыз етілу көрсеткіші 1 мың адамға шаққанда небары 634 шаршы метрден келеді.
Ал дамыған елдерде, Еуропалық одақта әр мың адамға 1100–1700 шаршы метрден тиесілі. Бізде әсіресе, І және ІІ санаттағы (2 мың шаршы метрден үлкен аумақты алып жатқан) ірі, заманауи форматтағы сауда алаңдары жетіспейді. Мәселен, ірі форматты сауда объектілерінің жалпы алаңы елде 1 миллион 119 мың шаршы метрді ғана құрайды. Соның кесірінен, ірі сауда және ойын-сауық орталықтарында жерлер аса жоғары бағамен жалға беріледі, бұл бөлшек бизнеске қосымша шығын шектіреді, олардың тауарларының қымбаттауына соқтырады.
«Қорыта айтқанда, сауда саласының қазіргі ахуалы заманауи талаптарға толыққанды сәйкес келмейді. Сондықтан бұл Қазақстан экономикасын әлемнің дамыған елдерінің қатарына шығаруға мүмкіндік бермейді», – деген байламға келді меморган. Ал халықаралық сауданың төмендеуіне СИМ коронавирусты кінәлады: «COVID-19 пандемиясы әлемдік экономикаға үлкен зиян келтірді. 2020 жылдың бірінші жартысында көптеген елдер қабылдаған оқшаулау және басқа төтенше шаралар соңғы онжылдықтарда бұрын-соңды болмаған нарықтық бұзылушылықтарға әкелді. Көптеген дамушы елдер үшін сыртқы кірістің негізгі қайнар көзі болып есептелетін туризм және шикізат тауарлары сияқты экономика секторлары сұраныстың құлдырауы, жеткізілім тізбегінің бұзылуы және көптеген елдің оқшаулануы салдарынан зардап шекті», – деп түсіндірді сауда ведомствосы.
2020 жылдың қорытындысында Қазақстанда бөлшек және көтерме сауда 7,3%-ға құлдырап, 35,5 трлн теңгені құрады. Тұжырымдама аясында билік сыртқы және ішкі сауда саласында қордаланған мәселелерді мемлекеттік қолдау, интеграциялық процестерді өрістету, кедендік-тарифтік және тарифтік емес реттеу, қорғаныш шаралары көмегімен шешпек ниетте. Экономист Нұржамал Нұрмағамбетова сауда саласы өркендеуі үшін экономиканы әртараптандыру қажет екенін айтады. «Қазақстанның экономикасы да, экспорты да мұнайға, шикізатқа және солардың әлемдік бағасына қатты тәуелді. Содан шикізат бағасы қарқынды өспеген соң, экономикалық белсенділік төмен және ары қарай құлдырауда, сыртқы және фискалдық көрсеткіштер нашар. Экономикалық дүмпу жоқ, кері кету бар.
Қазақстан қолайлы баға конъюнктурасы кезінде де экономиканы диверсификациялауда табысқа жете алмады. Салдарынан, енді шикізат тауарларының әлемдік нарығындағы дағдарыстан зардап шегуде», – деді экономист. Демек, Сауданы дамытудың тұжырымдамасы да экономиканы диверсификациялаудан басталуға тиістей.
Әйтпесе, мысалға, 1 ғана Айфон (512 гигабайттық «iPhone 12 Pro» 1 мың 299 доллар тұрады) әкелетін кірісті табу үшін Қазақстан қазір шамамен 20 баррель-бөшке шикі мұнай сатуға мәжбүр.