Білім грантын иеленбегендерге қандай мүмкіндіктер бар? Көпбалалы отбасынан шыққан талапкерлер қай күннен бастап оқуға құжат тапсыра алады
|
Жыл сайын білім беру гранттарының саны артып келеді. Биыл республикалық конкурсқа 64 452 адам қатысып, 53 785 білім гранты үлестірілді. ҰБТ-дан төмен балл жинап немесе бәсеке жоғары мамандықтарды таңдап гранттан тыс қалғандар аз емес. Олардың әлі де болсын ақысыз білім алуға мүмкіндігі бар. Бұл жайында bag.kz ақпарат көзі хабарлады.
Үкіметтің қосымша 5000 білім гранты
Биыл көпбалалы және атаулы көмек алатын отбасыдан шыққан балаларға нысаналы 5000 білім гранты бөлінді. Республикалық конкурста грантқа ілікпеген осы санаттағы талапкерлер 5-15 тамыз аралығында өтетін конкурсқа қатыса алады. Жоғарғы білім беру ұйымдарының қабылдау комиссиясына мына құжаттарды тапсыру қажет:
1. белгіленген үлгідегі өтініш;
2. білімі туралы құжат (құжаттарды қабылдау комиссиясына тапсырған кезде төлнұсқа);
3. ҰБТ сертификаты (2019 жылғы маусымдағы);
4. 086-У нысаны бойынша медициналық анықтама;
5. жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
6. Көпбалалы отбасыларының балалары және атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасыларының балалары мәртебесін растайтын құжат.
Облыс және республикалық маңызы бар қала әкімінің гранты
Жыл сайын аймақтарда немесе қалаларда тапшы мамандықтарға қосымша грант бөлінеді. Мұны көпшілік «әкім гранты» атайды. Грантты арнайы комиссия тағайындайды. Комиссия құрамына әкімнің өзі, әлеуметтік қорғау, қаржы мекемелері, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері кіреді. Ең алдымен үміткердің ҰБТ-да жинаған ұпайына назар аударылады. Көпбалалы отбасы балаларына, жетім балаларға, мүгедектерге, әлеуметтік аз қамтылғандарға жеңілдік беріледі. Құжат 10 тамызға дейін қабылданып, комиссия қорытындысы 25 тамыздан кейін шығады.
Былтыр мемлекеттік білім гранттарына қосымша жергілікті атқарушы органдарының есебінен 2700 жуық грант бөлінген
Ректор гранты
Оқу жылының басында арнайы комиссия шешімімен кейбір университеттерде ішкі гранттар тағайындалады. Мұны көпшілік «Ректор гранты» деп атайды. Үміткердің отбасы жағдайы, үлгерім көрсеткіші, және университеттің қаржылық мүмкіндігі қаралады. Оқу ақысы тегін болғанымен, стипендия төленбейді. Кейбір университеттер бірінші не соңғы оқу жылының ақысын төлеуі мүмкін. Ал енді бірі студенттердің әртүрлі санатына байланысты 10-50% жеңілдіктер ұсынады.
Ішкі білім беру гранттары мен жеңілдіктер, әлеуметтік көмек туралы ақпаратты университеттердің сайтынан білуге болады
Бос білім беру гранты
Ақылы оқуға түскен студент грантқа ауыса алады. «Білім беру грантын беру ережесін» бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы №58 Қаулысы бойынша студент әр семестрден кейін жоғары білім алу процесінде босаған бос білім беру гранттарын беруге құжаттарды тапсыруға құқылы.
Білім беру саласындағы уәкілетті орган бос білім беру гранттарының тізбесін жасап, ашық конкурс жариялайды. Ақылы негізде оқитын студент деканатқа өтініш және барлық оқу кезеңі ішіндегі үлгерімінің орташа балы көрсетілген жоғары оқу орнының басшысы растаған оның оқу карточкасының немесе транскриптінің үзіндісін ұсынады. Құжаттар 25 қаңтарға дейін және 25 шілдеге дейін ұсынылады.
Бос білім беру грантын иелену үшін барлық оқу жылында бағаңыз жақсы болуы тиіс. Университеттегі қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысатын студенттерге де басымдық беріледі.
Көпбалалы отбасынан шыққан талапкерлер қай күннен бастап оқуға құжат тапсыра алады
Көпбалалы отбасынан шыққан талапкерлердің құжаттары 10 тамызға дейін қабылданады. Байқау нәтижелері 25 тамызда жарияланады. Бұл жайында stan.kz ақпарат көзі хаюар таратты.
5-10 тамыз аралығында Нұр-Сұлтан қаласында көп балалы отбасылардан талапкерлер мен АӘК алушыларға арналған 165 қосымша білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттар тапсырады, деп хабарлайды елордалық білім департаментінің сайты.
Білім грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін елорданың бес жоғары оқу орнының бірінің қабылдау комиссиясына құжаттар тапсыру қажет:
- Еуразия гуманитарлық институты (мамандықтар - «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі», «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу»);
- Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті (мамандығы - «Ақпараттық технологиялар»);
- Астана IT Университеті (мамандығы - «Ақпараттық технологиялар»);
- «Астана» халықаралық университеті (мамандықтар - «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі», «Ақпараттық технологиялар»);
- Алматы Менеджмент Университеті («Мейрамхана ісі және қонақ үй бизнесі» мамандығы.
ЖОО-ға келесі құжаттар ұсынылуы керек:
- белгіленген үлгідегі өтініш;
- білімі туралы анықтама (құжаттарды қабылдау комиссиясына тапсырған кезде түпнұсқа);
- ҰБТ сертификаты (2019 жылдың маусым айы үшін);
- 086-У нысанындағы медициналық анықтама;
- жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
- көп балалы отбасылардың балаларының және атаулы әлеуметтік көмек алушылардың мәртебесін растайтын құжаттар.
Осы мамандықтар бойынша елордалық бес жоғары оқу орындарына грантқа тек Нұр-Сұлтанның түлектері өтініш бере алады.
Маусым айында Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мемлекет көпбалалы отбасылардың балалары мен АӘК алушылар үшін қосымша 5000 грант беретіндігін мәлімдеді.
«Бұл білім гранты жергілікті атқарушы органдарға беріледі. Негізгі шарт - ҰБТ тапсырған және оның нәтижелері бойынша ұлттық университеттерге 65 баллдан кем емес, педагогикалық ғылымдар бағыты бойынша - 60 баллдан кем емес, өзге университеттерге - 50 баллдан кем емес балл жинау керек. Гранттар ҰБТ нәтижелері бойынша конкурстық негізде тағайындалады», - деді министр.
Білім беру гранты иегерлеріне 20 949 теңге мөлшерінде шәкіртақы қарастырылған. Асхат Аймағамбетов қосымша гранттар алуға өтініштер мен құжаттар бір уақытта бүкіл республика бойынша 5-10 тамызға дейін қабылданады деп атап өтті.