БАӘ Қазақстанда жаңа қала салады
БАӘ Қазақстанда жаңа қала салады
2 күн бұрын 541 24.kz Назерке Тоқжан, Мадияр Қындыбаев

Экономиканы әртараптандыру – кезек күттірмейтін маңызды міндет, деп хабарлады 24.kz 

Мемлекет басшысы мұнайға байланбай, елде шикізаттық емес салалардың тынысын ашуды тапсырды. Соның нәтижесінде 6 жылда өңдеу өнеркәсібі 31,4%-ке, құрылыс 96,3%-ке ұлғайды. Бұған, әсіресе, шетелдік инвесторлардың қызығып отырғанын айта кету керек. Былтыр олар біздің елге қаржы салып, ірі жобаларға бастамашыл болды. Ал сарапшылар алдағы 3 жылда инвестициялық климат бұдан да жақсара түсетінін айтты.

БАӘ Қазақстанда жаңа қала салады. «Экосити» деп аталатын жобаны шетелдік компаниялар тобы Ақтауда жүзеге асырмақ. Тартылатын инвестиция көлемі 4,5 млрд доллар. Жуырда қос тарап кездесіп, тиісті келісімге қол қойды. Сабақты ине сәтімен болса, көп ұзамай Каспий жағалауында экологиялық таза, смарт шаһар бой көтереді.

Әлібек Алмабеков, Қазақстан-БАӘ іскерлік кеңесінің тең төрағасы: - Мемлекет басшысы «Жаңа Ақтау» жобасын жүзеге асырудың маңыздылығын атап өткен еді. Бұл қала заманауи қала болады, электркар жүреді. 60 мың ағаш отырғызылады. Гольф клуб, үлкен аквапарк салады. Бұл мақсаттарды орындау үшін еуропалық консалтингтік компанияларды тартуға, жаңа технологияларды дамытуға, Ақтауды көркейтуге үлес қосқысы келіп отыр.

Бұл ел дамуына серпін берер келелі жобалардың бір парасы ғана. Былтыр шетелдік кәсіпкерлердің қаржысына елде 45 жоба жүзеге асырылған. Ілкімді істің нәтижесінде экономиканың тынысы кеңейіп, жаңадан 6 мыңға тарта жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар мектеп, жол секілді әлеуметтік нысандардың құрылысы басталып, инфрақұрылымды жетілдіруге жағдай туды. Ал алдағы 3 жылда ірі компаниялар құны 10 млрд доллардан асатын инвест бастамаларға қаржы құяюы мүмкін. Қазір олардың бірқатарымен келіссөздер басталды.

Иса Құдабеков, «Kazakh Invest» ҰК» жобалар департаменті директорының орынбасары: - Кейбірі біздің ел үшін тың жоба болмақ. Мәселен, австриялық «Ласалзберг» компаниясы Қазақстанда керамикалық плита өндірісін қолға алуды көздеп отыр. Олар 54 млн доллар шамасында қаржы құюға ниетті. Бұл біздің стратегиялық маңызға ие әрі импортқа тәуелділіктен арылуға мүмкіндік беретін бірден бір жоба деп есептейміз.

Сарапшылар Қазақстанның инвестициялық әлеуеті зор екенін айтады. Бұған халықаралық рейтингтегі көрсеткіштер дәлел. Былтыр еліміз Moody's агенттігінің жоғары бағасына ие болды. Сондай-ақ  S&P, Fitch агенттіктері де Қазақстанды қаржылық тұрақты мемлекеттер қатарына енгізді.

Авторлары: Назерке Тоқжан, Мадияр Қындыбаев 



0 пікір
Әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз:
Мұрағат
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жк
24 25 26 27 28 1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31 1 2 3 4 5 6