Қазақстанда ауылдар мен аудандардың өз бюджеті болады. Бұл туралы жергілікті бюджет жөніндегі есептік басқармасының басшысы Базаргүл Базарбаева Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитетінде өткен «Жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу» семинарында мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Ауылдар мен аудандардың дербес бюджеті болады
|
Семинарда жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін және коммуналдық меншігін енгізу, сондай-ақ, 2018 жылғы 1 қаңтардан басталатын құрылыс бойынша мемлекеттік сатып алуға қазынашылық ету мәселелері талқыланды.
«Жергілікті өзін-өзі басқарудағы бюджеттің ІV деңгейі екі кезең бойынша енгізіледі: бірінші кезеңі 2018 жылдан бастап халқы 2000 адамнан астам халқы бар жерлерде, екінші кезеңі 2020 жылдан бастап – барлық жерде жүзеге асырылады. Аудандық маңызы бар қала, селолық округ, село, кент бюджеттерінің жалпы саны 2441-ді құрайтын болады. Сол себепті, қазынашылық органдарында атқарылатын жұмыстар көбейіп отыр», - деді Базаргүл Базарбаева.
Сонымен бірге, ол 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап қазынашылықтағы ақпараттық жүйелердің өзін-өзі басқару органдарының қаржылық құжаттарын қабылдауға және өңдеуге дайын болатынын айтты.
«Қазынашылықтың біріктірілген ақпараттық жүйесіне толықтырулар жүргізіліп, сонымен қатар «Қазынашылық-Клиент» біріктірілген ақпараттық жүйесінің барлық бизнес процесстері қайта пысықталды. Қазынашылық ақпараттық жүйелерін сыртқы ақпараттық жүйелерімен «Бірегейлендірілген орталықтандырылған жеке шоттары» АЖ (БОЖШ АЖ), Е-Қаржымині, Электрондық мемлекеттік сатып алу Автоматтандырылған интеграцияланған ақпараттық жүйесі (ЭМС АИАЖ), Құқық қорғау және арнайы органдарының ақпараттық алмасу жүйесімен (ҚАО ААЖ) ықпалдастыру бойынша кешенді тестілеулер өткізіліп жатыр», - деді ол.
Базаргүл Базарбаева жергілікті өзін-өзі басқарудың бюджеттің ІV деңгейіне еш кедергісіз өту үшін «Қазынашылық-Клиент» АЖ-да аумақтық қазынашылық органдары мен бюджеттің 4-деңгейіндегі мамандарға арналған оқыту жұмыстарын тұрақты өткізіліп отырғанын атап өтті.
Семинарда жергілікті өзін-өзі басқарудың бюджетінің ІV деңгейін енгізу процессі егжей-тегжейлі талқыланып, қазынашылық жүйесін әрі қарай дамыту және Қаржы министрлігінің 2017-2020 жылдарға арналған стратегиялық жоспарын іске асыру алғышарттары талқыланды.