|
Әскерге шақырылған азаматтардың 70%-ы жарамсыз (видео)
|
Отан алдындағы борышын өтеуге шақырылған азаматтардың 70 пайызы әскерге жарамсыз. Ал тепсе темір үзетін жігіттеріміздің дені әскерге баруға құлық танытпайды. Мұның себебі неде? Әскерден жалтарғандарды қандай жаза күтеді? Гүлмайра Қуатбайқызы, тілші: - Отан алдындағы әскери борышын өтеуден жалтарып жүргендердің дені базарларда жұмыс жасайды. Сондықтан, Астана қалалық қорғаныс істері жөнінде қызметкерлер мен жергілікті полиция сауда орындарының маңынан күніне 100-ге тарта 18-ге толған азаматты ұстап, қолдарына әскерге шақыру қағаздарын береді. Олар белгіленген мерзімде әскери мекемеге бармаған жайғдайда, 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. Тіркеуге тұрмастан Астана, Алматы сынды ірі қалаларда күнделікті нәпақасын тауып жүрген азаматтардың санын кесіп айту қиын. Тексеру барысында отан алдындағы борышын өтеу жайында мүлде ұмытып кеткендей әсер қалдырған жігіттер болды. Әскерге барудан саналы түрде қашып жүргендері де бар. Алайда, шақыру қағазы мен бірнеше ескертуді елемегендер үшін жаза қатаң. Ғани Артықов, Астана қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысының орынбасары: - Айталық, әскерге шақыру комиссиясына келмей жүрген азаматтар бұл жағдай анықталған кезде 1000 айлық көрсеткішке дейін айыппұл салыну мүмкіндіктері туындап отыр. Қазіргі таңда бұл 2 млн теңге. Сонымен қатар, қасақана бұлтарған жағдайда 1 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жағдайы да туындайды. Мәселені шешу үшін қорғаныс саласы мамандары қаладағы компаниялар мен кәсіпорындардың кадр бөлімдерімен ынтымақтастық орнатқан. Алайда, бірлесіп жұмыс жасауға құлықсыздары да бар. Мәселен, былтыр 8 компания 9 млн теңге көлемінде айыппұл төлесе, биыл 14 кәсіпорын жазаланды. Ғани Артықов, Астана қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысының орынбасары: - Біраз ұйымдар бұл сұраққа жіті көңіл бөлмей отыр. Осыған байланысты біраз жұмыстар жүргізіп, заң талаптарын бұзған ұйымдарға 5 млн-ға дейін айыппұл салынды. Тимур Сыпатаев, Заңды тұлғалармен жұмыс жасау жөніндегі топ басшысы: - Әр ұжымдарда 70-80 пайызы әскери есепте жоқ. Қызметкерлер кадр бөліміндегі бізге тізімді береді. Сол бойынша біз сол әскери борышты қызметкерлерге повестка береміз. Алайда, әскерге жарамды азаматтарды іріктеудің өзі оңай шаруа емес. Себебі, психологиялық, спорттық дайындықтардан бөлек, денсаулығында кінәраты бар жастардың қатары артқан. Олардың дені сколиоз, асқазан, көз аурулары мен семіздіктен зардап шегеді. Салдарынан Отан алдындағы борышын өтеуге шақырылған азаматтардың 70 пайызы әскерге жарамсыз, ал қалғаны құлықсыз.