АРАЛДА АЛҒАШ РЕТ ӨТ ПЕН БАУЫРҒА ТІЛІКСІЗ ОПЕРАЦИЯ ЖАСАЛДЫ
АРАЛДА АЛҒАШ РЕТ ӨТ ПЕН БАУЫРҒА ТІЛІКСІЗ ОПЕРАЦИЯ ЖАСАЛДЫ
1 жыл бұрын 778 24.kz Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Бәйділдаев

Қызылорда облысы Арал ауданында алғаш рет бауыр мен өт қалтасына лапороскопиялық операция жасалды.

Күрделі процесті жоғары санатты хирург Әмірхан Жүсіпов бастаған мамандар сәтті атқарып шықты. Ол хирургия саласында тер төккен 40 жыл ішінде 10 мыңдай операция жасап, мыңдаған науқастың аман қалуына сеп болған. Ізденімпаз жанды жерлестері тек Арал ауданына ғана емес, бүкіл аймақ медицинасына елеулі еңбегі сіңген азамат ретінде құрмет тұтады. Президент де жолдауда "Үкімет денсаулық сақтау жүйесін жақсарту үшін батыл шаралар қабылдауы қажет" деген болатын. 

Бұрын адам денесін кесіп, ашық түрде ішкі құрылыс мүшелерін тазалайтын болса, тері асты арқылы функциялау әдісімен ауданда алғаш операция жасаған Әмірхан Жүсіпов. Мінеки жаңа тактика бойынша тұңғыш рет науқастың бауыры мен өт жолы іріңнен тазартылды. Бұл артық асқынулар мен қабынулардан сақтайды. Сондықтан емделуші тез ес жияды.

Әмірхан Жүсіпов, хирург: - Бұл науқасқа да, бізге де жеңіл. Болашақта әрбір маман УЗИ, компьютерлік томографияны білмесе жақсы маман бола алмайды. Сондықтан УЗИ мен КП үйреніп жатырмыз.

Арал ауданы облыс орталығынан шалғай орналасқандықтан оқыс оқиға кезінде науқастарды Қызылордаға жіберуге мүмкіндік болмайды. Түн жарымда жасалған шұғыл операция арқасында аман қалған жанның бірі Қойшыбай Ақсалбаев. Жол апатына түскен жолаушы аудандық-ауылдық медицинаның дамып келе жатқандығына көз жеткіздім, дейді.  

Қойшыбай Ақсалбаев, Қызылорда қаласының тұрғыны: - Қабырғаларыңның бәрі сынған, өкпең жыртылған деді. Сонымен қазір 24 күн болды. Қазір жақсымын шүкір. Әмірхан деген ағамыздың арқасында аман қалдым.

Әмірхан Жүсіпов, хирург: - Ұйқысыз түндер, демалыссыз түндер өтті талай. Бірақ ешқандай өкінбеймін халқыма қызмет істегеніме ризамын. Халық та батасын беріп, алғысын алып жатырмыз. Қанша ауыр болғанымен бұл жұмыстан алатын ләззат бөлек. Сондықтан кейінгі жас әріптестерім, қасымда өсіп келе жатқан шәкірттеріме бұл жұмыс - өте жауапты іс. Адам өмірбақи өзін соған арнау керек. Бүкіл ой, сана-сезімің науқасқа бағытталу керек. Сонда ғана жақсы дәрігер болып, халық алғысын аласыңдар дегім келеді.

Озық технологиялы тәсілдерді білікті маман Мәскеу және Қазан қалаларына барып меңгерген. Білікті маман ұлт саулығына байланысты жазылған бірнеше мақалалардың авторы. Ізденімпаз хирург зейнет жасы жақындаса да қазір несеп жолындағы тасты лазермен алу әдісін үйреніп жүр. Құрал-жабдығы қолға тисе, урологиялық ауруларды да Аралда емдей бермек. 

 

0 пікір
Мұрағат