Әр төртінші қазақстандық жасанды интеллектпен ауыстырылуы мүмкін
Әр төртінші қазақстандық жасанды интеллектпен ауыстырылуы мүмкін
2 ай бұрын 496 Chat GPT жасаған сурет

Қазақстанда шамамен 2,2 млн жұмыс орны автоматтандыру қаупінде, оның ішінде 1 млн-нан астам жұмыс орны жасанды интеллектпен ауыстырылуы мүмкін, деп хабарлайды Bes.media.

Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин мәжілісте жасанды интеллекттің еңбек нарығына әсері туралы зерттеу нәтижелерін таныстырғанда айтты.

Зерттеу 423 кәсіби топты қамтыған және оның нәтижесіне сәйкес, елдегі барлық жұмыс орындарының шамамен төрттен бірі (25%) орташа жоғары қауіпке ұшырайды. Ең үлкен қауіп Алматы, Астана және Шымкент қалаларында, онда жұмыс орындарының үштен бір бөлігіне дейін қауіп төнуі мүмкін.

Дегенмен, жаппай қызметкерлерді ығыстыру күтілмейді. Анафиннің айтуынша, Қазақстанда еңбек құны салыстырмалы түрде төмен, сондықтан автоматтандыру мен жасанды интеллектті енгізу бизнес үшін экономикалық пайдасы көрінген жағдайда ғана біртіндеп жүзеге асады.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект пен цифрландыруды стратегиялық басымдық деп атап, үкіметке ЖИ, инфрақұрылым, цифрлық технологиялар және ядролық энергетика жобаларын ұзақ мерзімді жоспарға енгізуді тапсырған. Бұл қадамдар инновациялар мен тұрақты экономикалық өсімді қолдауға бағытталған.

Ак Жайык — еженедельник Атырау

Жасанды интеллект Қазақстандағы 1 млн жұмыс орнын алмастыра алады

Қазақстанда 2,2 млн жұмыс орны автоматтандыру тәуекелі аймағында тұр. Оның ішінде 1 миллионын генеративті жасанды интеллект алмастыра алады, дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Қай салада тәуекел жоғары?

Зерттеу 423 кәсіптік топты қамтыған. Негізгі қауіп – Алматы, Астана және Шымкенттегі қызметкерлерге төнуі мүмкін. Үш ірі қалада жұмыс орындарының үштен біріне дейін автоматтандыру ықпалына ұшырауы ықтимал.

Жаппай қысқарту болмайды

Вице-министр Олжас Анафиннің айтуынша, Қазақстанда еңбек күші салыстырмалы түрде арзан. Сондықтан компаниялар үшін роботтандыруға көшу бірден тиімді бола қоймайды. Автоматтандыру біртіндеп жүреді, экономикалық пайдасы айқындалған кезде ғана жеделдейді.

«Автоматтандыру тәуекелі бар жұмыс орындары – көбіне қайталанатын, стандартты міндеттері бар салалар. ЖИ енгізу қысқа мерзімде кадрларды толық ығыстыра қоймайды, бірақ, еңбек нарығының құрылымын өзгертуі мүмкін», – дейді мамандар.

Сарапшылардың пікірінше, басты мәселе – қызметкерлерді жаңа дағдыларға бейімдеу мен қайта оқытуда.

ЖИ туралы заң: әлеуметтік скоринг пен эмоцияны талдауға тыйым салынады

24 қыркүйекте Мәжіліс екінші оқылымда «Жасанды интеллект туралы» заңды мақұлдады. Бұл құжат елімізде алғаш рет «жасанды интеллект», «модель», «деректер кітапханасы», «синтетикалық нәтиже» секілді негізгі ұғымдарды заңды түрде бекітті.

Негізгі бағыттар

Заңда ЖИ жүйелерін құқықтық және ұйымдастырушылық тұрғыда реттеу, ашықтық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордағы қолдану ережелері қарастырылған. Сонымен қатар Үкіметтің осы саладағы саясат жүргізу құзыреті кеңейтіледі.

Мәжіліс баспасөз қызметінің түсіндіруінше, бұл заң Қазақстанда қауіпсіз әрі тұрақты ЖИ экожүйесін құруға алғашқы қадам болмақ.

Қауіпсіздік және тәуекелдер

ЖИ жүйелері тәуекел деңгейіне қарай — минималдыдан жоғарыға дейін жіктеледі. Жоғары тәуекелді жүйелер (мысалы, киберқауіпсіздікке қатысты немесе стратегиялық инфрақұрылымдағы жүйелер) ерекше бақылауда болады.

Сонымен қатар, автономдылық деңгейіне қарай да бөлінеді. Өздігінен жүретін көлік сияқты толық автономды жүйелер тек заңнамалық актілер арқылы реттелмек.

Тыйым салынатын қолданулар

Заң ЖИ-дің бірқатар қауіпті функцияға шектеу қояды:

адамдардың келісімінсіз мінез-құлқына ықпал ету;

әлсіз топтарды (балалар, мүгедектер, әлеуметтік жағдайы төмендер) әдейі пайдалану;

әлеуметтік скоринг (адамдарды мінез-құлқы бойынша бағалау);

эмоцияларды талдау келісімсіз жүргізу;

қоғамдық орындарда нақты уақыт режимінде бейнебақылау арқылы бет-әлпетті тану (заңда көрсетілген ерекше жағдайларды қоспағанда);

заңға қайшы синтетикалық контент тарату.

Синтетикалық контентті белгілеу

Жаңа заңға сәйкес, ЖИ арқылы жасалған кез келген контент міндетті түрде машина оқитын форматта және визуалды ескертулермен  белгіленуге тиіс. Бұл қоғамдағы сенімді арттырып, технологияның оң мүмкіндіктерін қауіпсіз пайдалануға жол ашады.

Авторлық құқық және жауапкершілік

•Тек ЖИ-дің өзі жасаған туындылар авторлық құқықпен қорғалмайды.

Бірақ пайдаланушының шығармашылық сұраныстары (prompt) авторлық құқық нысаны ретінде қарастырылуы мүмкін.

ЖИ-ді оқыту үшін ғылыми еңбектер мен шығармаларды пайдалану тек автор тарапынан арнайы тыйым болмаған жағдайда ғана рұқсат.

Егер ЖИ жүйесі адамға зиян келтірсе, жауапкершілік жүйе иесіне немесе операторына жүктеледі. Ал сақтандыру әзірге ерікті шара ретінде ұсынылғанымен, болашақта азаматтардың құқықтарын қорғаудың маңызды тетігіне айналуы ықтимал.

0 пікір
Мұрағат