Ақтөбеде ит-мысықтарға арналған қонақүй ашылады
Ақтөбеде ит-мысықтарға арналған қонақүй ашылады
9 жыл бұрын 2737 Baq.kz kerek-info.kz

Ақтөбеде бұралқы иттер мен қаңғыбас мысықтарға арналған қонақүй ашылмақшы. Ауған соғысының ардагері Мерғали Қалдығұлов қала әкімдігі бекітсе, қонақүй жұмысын жақында бастауы тиіс.  

Ерекше қонақ үй Ақтөбенің іргесіндегі Қызылжар елдімекенінде. Бұралқы иттер мен қаңғыбас мысықтардың мекені болатын ғимарат екі қабатты. Жалпы ауданы-105 шаршы метр. Бір мезгілде 50-60 қаңғыбас жануарға пана бола алады. Ішінде оларды жуындыратын бөлме, ауру хайуандар үшін карантин кабинеті де бар.

Жануарларды қорғау қоғамдық қорының президенті Мерғали Қалдығұлов бұл істі көптен бері ойлап жүрген көрінеді. Айтуынша, мұндай жануарлар үйі республика бойынша Алматыда ғана болған. Кейіннен жабылып қалыпты. Жануарларды жаны сүйетін ауған соғысының ардагері Ақтөбедегі игі істің өміршең болатындығына сенімді.

- Бұл қонақүйді ашудағы мақсатым- көшедегі жануарларға қорған болу. Оларға әсіресе, қыс мезгілінде қиын. Жертөле мен көпқабатты үйлердің дәлізінде бүрсеңдеп тұрады. Арасында аурулары да болуы мүмкін. Оларды тексеріп жатқан ешкім жоқ. Бізде арнайы ветеринарлар қызмет көрсетеді.Көше кезіп жүрген ит-мысықтарды алдымен тексеріп аламыз. Осында әкеп жуындырамыз, тамақтандырамыз. Қазірден бастап еріктілер мысықтарға арналған тамақтар әкеп жатыр, -дейді Мерғали Қалдығұлов.

Кәсіпкер елде жоқ қонақүйді өз қаражатына салған. Әкімдік рұқсат берсе, жаңа жылдан кейін ресми түрде қызмет көрсете бастайды.

Мерғалидың қонақүй ашпақ ойы барын естіген жұрт ауласына ит-мысықтарды әкеп тастай бастаған. Бас-аяғы екі тәулікте 15 мысық жылы жерге орналастырылды.

Жануарлардың жанашыры Мерғали Қалдығұлов питомник ашып, неміс, кавказ, орыс овчаркаларын бағумен де айналысады. Еске сала кетейік, жауынгер-интернационалист ауған даласында сенімді серігі болған Беда атты итке ескерткіш орнатқан болатын.

0 пікір
Мұрағат