Алматылық дәрігер туабітті саңырау балаларға есту қабілетін қалпына келтіріп жүр (видео)
|
Дәрігерлік сертке адал болу – ең бірінші кезекте науқастың алдындағы жауапкершілікті сезіну. Бұл отандық медицинада 15 жыл еңбек етіп, жас та болса тың бастаманың басынан көрінген Айгүл Рахманқызының кәсіби ұстанымы. Осы уақытқа дейін құлақ-көмей ауруларына 1000-нан аса операция жасаған Айгүл Медеулова «әр операцияға кірген сайын бірінші рет жасайтындай сезінемін» дейді. Айта кеткен жөн, көмей папилломасын алу операциясы республика бойынша тек осы алтын қолды дәрігердің қолымен жасалады. Медицинасы дамыған бірқатар елдерде біліктілігін арттырып келген Айгүл Рахманқызы туабітті саңырауы бар балаларға кохлеарлы имплант қою операциясын елімізде бірінші болып жүзеге асырған. Айгүл Медеулова, медицина саласының үздігі, «Ақсай» республикалық клиникалық ауруханасы директорының орынбасары: - Жылына 100 балаға осындай көмек береміз. 100 естімейтін балаға есту әлеміне қайтып әкелдірген ол үлкен бақыт деп ойлаймын. Дәрігер болуды бала кезден армандаған Айгүл Рахманқызы бүгінде медицина саласының үздігі. Адамның талабы болса кез-келген қамалды алуға болады, - дейді білікті маман. Ал сүйікті мамандығы қашанда бірінші орында. Айгүл Медеулова, медицина саласының үздігі, «Ақсай»республикалық клиникалық ауруханасы директорының орынбасары: - Бала кезімнен ойлаған мақсатымның бәрі тек қана дәрігер болу ғана екен. Сүйікті жұмысым өмірімде 65% уақытымды алады. Бірақ, мен оған өкінбеймін де, өзімнің жеке өмірімнен 10% болса да жоғары деп айтатытыным, өйткені отбасым Құдайға шүкір тұрақты, балаларым ересек, отбасым өзімді қолдап, қолдағаннан кейін де шығар, өзім көбіне осы жұмысқа берілемін. Алдыңа әлсіз үмітпен келген науқас баланың тілін табу, оның ата-анасымен жылы қарым-қатынас орнату дәрігердің парызы. Бұл ретте Айгүл Рахманқызы туралы әріптестерінің де пікірі ерек. Әсел Сейтқазықызы, «Ақсай» республикалық клиникалық ауруханасының дәрігері: - Ата-ананың алдында, жұмыстың алдында науқастың алдындағы жауапкершілігі. Жалпы медицинада ең бастысы сол деп ойлаймын. Ал Айгүлдің қарбаласқа толы жұмыстың ауырлығын ұмыттыратын керемет өнері бар. Айгүл Медеулова, медицина саласының үздігі, «Ақсай»республикалық клиникалық ауруханасы директорының орынбасары: - Музыкалық білімім бар болғаннан кейін бала кезімнен өзімнің үйімде домбырам бар. Кейде бір шертетінім бар болады. Ол да бір демалыстың бір түрі. Өмірлік серігі екеуі екі ұл тәрбиелеп отырған Айгүл Рахманқызы «бір ұлым өзімнің ізбасарым болса» деп армандайды.