Алматыда автобус жүргізушісі бес тілде сөйлей алады
|
Алматыда автобус жүргізушісі бес тілде сөйлей алады. Атап айтқанда қаладағы нөмірі 79-шы автобустың жүргізушісі Марат Адамбаев аялдама аттарын бес тілде айтады деп хабарлайды 7 арна. Тілге шешен, тарихты терең түсінетін жүргізушінің бұл әрекеті жолаушыларды да таң қалдыруда. Себебі ол аялдама аттарын тек хабарлап қоюмен шектелмейді. Көше аттары берілген танымал тұлғалардың өмір-тарихын айтып, құлақтандырып отыруды әдетке айналдырған. Тіпті жұмыстан шаршап шыққан жолаушыларға әзіл әңгімелерін айтып, көңілдерін көтеруге де қарсы емес екен. Мұның барлығы "қоғамдық көлік жүргізушілері шетінен тәртіпсіз" - деген қасаң қағиданың дұрыс еместігіне көз жеткізу - дейді үлгілі жүргізуші. "Қадір Мырзәлі ағамыз айтқан ғой "Ана тілің арың бұл, ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте"- деп. Сондықтан өз тілімізді құрметтейміз. Өзге тілдің бәрін білу парыз, қазақ азаматы жан-жақты болуы керек. Әуежайдан шыққанда шетел азаматтары келеді соларға Қазақстанның қоғамдық көлік жүргізушілері мәдениетті екенін танытсам ба деген ойым", - дейді қоғамдық көлік жүргізушісі Марат Адамбаев. Өз кәсібін жанындай жақсы көретін Марат Адамбаевтың қоғамдық көлік тізгінінде жүргеніне жиырма жылдан асыпты. Осы аралықта бірде бір мәрте жол ережесін бұзып, айыппұл төлеп көрмеген. Бұл тәртібі үшін талай мәрте үздік жүргізуші деген атқа да лайық болған екен. Сондықтан ол жолаушы тасымалдайтын жас жүргізушілердің де болашақта тек үлгілі болғанын қалайды.