Активтерін қайдан алғанын растай алмаған қазақстандықтар байлығын мемлекетке тапсырады
Активтерін қайдан алғанын растай алмаған қазақстандықтар байлығын мемлекетке тапсырады
2 жыл бұрын 1008 inform.kz Автор: Руслан Ғаббасов

Декларацияны тапсыру кезінде өз активтерін қайдан алғанын растай алмаған қазақстандықтардың байлығы мемлекетке қайтарылады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң жобасын бірінші оқылымда талқылау кезінде Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құжатта шет елдердегі активтерді қайтару бойынша жұмысты заң аясында жүргізу тетіктері қарастырылған. Заң жобасында активтерді қайтарудың ерікті немесе мәжбүрлі тәртібі көзделген. Біріншіден, ерікті түрде қайтару – өздеріне тиесілі мүлікті мемлекетке өтеусіз беру жолымен жүзеге асырылады. Екіншіден, соттардың шешімдері негізінде қылмыстық процесс аясында заңсыз алынған активтерді тәркілеу қарастырылып отыр

, - деді Е. Бейсенбаев.

Сонымен қатар ол мүліктің қылмыстық жолмен алынғаны ашылған кезде, заңсыз алынған активтерді мәжбүрлеп қайтару ескерілгенін айтты.

Соттардың немесе шет мемлекеттердің өзге де уәкілетті органдарының шешімдері негізінде тәркілеу де іске асырылады. Жалпы, заң аясында арнайы комиссия құрылады, заңды және жеке тұлғалардың реестрі пайда болады, арнайы мемлекеттік қор мен уәкілетті орган құрылады

, - деді депутат.

Заң жобасында азаматтық процесс аясында тәркілеудің мынадай алгоритмі ескерілген:

Бірінші. Егер мониторинг және ақпаратты талдау қорытындылары бойынша құны 100 млн АҚШ долларынан асатын активті сатып алудың заңдылығына байланысты күмән болса, уәкілетті орган субъектіні және оның үлестес тұлғаларын реестрге енгізу мәселесін комиссияның қарауына шығарады.

Екінші. Материалдарды қарау қорытындылары бойынша комиссия адамды реестрге енгізу немесе қоспау туралы ұсыныс береді.

Үшінші. Уәкілетті орган реестрге енген азаматтарға олардың активтері туралы декларацияны тапсыру құқығының бар екенін жеткізеді. Декларацияларды тексереді және тексеру нәтижелерін Комиссияның қарауына шығарады. Соның нәтижесінде, комиссия одан әрі шаралар қабылдау туралы ұсынымдар шығарады.

Егер адам декларацияны тапсыру арқылы өз активтерін қайдан алғанын растай алмаса немесе декларацияны табыс етпесе, мұндай активтер негізсіз байлық ретінде танылып, мемлекет кірісіне қайтарылуы мүмкін. Адамдардың құқығын қорғауға, ашық процеске кепілдік беру және азаматтық қоғам жағынан бақылауды қамтамасыз ету мақсатында заң жобасында тиісті қадамдар ескерілген. Бұл тұрғыда адамдардың жабық реестрі жасалады, себебі бұл бағытта репутациялық мәселелер бар. Сонымен қатар, аталған комиссияның мәселені алқалы тәртіпте қарауы ескерілген. Комиссияға депутаттар мен қоғам белсенділері мүше бола алады. Атап айтқанда, адал сатып алушылар мен адал кредиторлардың құқықтары қорғалады. Жалпы, барлық сатыларда сотқа шағымдану мүмкіндігі бар, сондай-ақ келісім талаптарын орындаған адамдар үшін кепілдіктер беріледі

, - деді Елнұр Бейсенбаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, заң жобасы аясында заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі Арнайы уәкілетті орган мен комиссия құрылады, заңды және жеке тұлғалардың жабық реестрі жасалынып, мемлекеттік қор жасақталады.

0 пікір
Мұрағат