Айбын Төреханов: Қазақтың ақ бас сиыр тұқымына жоғалып кету қаупі төнуде
Айбын Төреханов: Қазақтың ақ бас сиыр тұқымына жоғалып кету қаупі төнуде
4 жыл бұрын 2264 eldala.kz Айбын Төреханов

Соңғы жылдары асыл тұқымды ірі қара мал импортының көбеюі Қазақстандағы өсіріліп жатқан басқа тұқымдардың дамуына кері әсерін тигізуде. Бұл туралы профессор, ауылшаруашылық ғылымдарының докторы Айбын Төрехановтың республикалық «Асыл Түлік» асыл тұқымды мал өсіру орталығы шығарған мақаласында айтылады. Бұл жайында eldala.kz ақпарат көзі мәлім етеді.

«2010 жылы қабылданған «Сиыр етінің экспорттық мүмкіндігін дамыту» бағдарламасы аясында асыл тұқымның сапасы әлсіреп бара жатыр. Сыртқы түрі мен белгілері қазақтың ақбас тұқымына ұқсас герефорд ірі қара малдың импорты өскендіктен отандық тұқым жойылу қаупіне ұшырады. Сондықтан, бүгінгі таңда «Асыл түлік» қазақтың ақбас тұқымының бұқаларын сұрыптауда қиындықтарды бастан өткеруде. Бұл тұқым қазақстандық селекцияның мақтанышы болып табылады», - деді Айбын Төреханов.

Әлемде болып жатқан тәжірибелерге сүйене отырып, профессор кейбір тұқымдар жүздеген жылдар бойы өмір сүріп, тұқымды сол қалпында сақтап қалатындығын айтты, ал кейбір тұқымдар сапасын өзгертіп, жоғалып кететіндігін атап өтті. Соңғы жүз жылда мамандандардың мал тұқымдарын өзгертуінен, тұқымдарды қалыптастыру процесінің нәтижесінде әлемде 450-ден астам мал тұқымы жоғалып кеткен.

Сондықтан «Асыл түлік» асыл тұқымды мал өсіру орталығының басты міндеті - республиканың шаруа қожалықтарының қажеттіліктерін өтеу, ең алдымен отандық асыл тұқымды бұқалармен қамтамасыз ету, мал басының өсімін молайту қызметін дамыта отырып, асыл тұқымды малмен қамтамасыз ету болып табылады.

Сондай-ақ, Айбын Төреханов ветеринария тұрғысынан малды қолдан ұрықтандыру - бұл мал басын көбейтудің ең қауіпсіз тәсілі екенін баса айтты. Сондықтан, бүгінде Қазақстан Республикасында осы әдісті шаруа қожалықтарында қолданатындарға субсидия беріледі. Сонымен қатар, фермер кепілді түрде жақсы тұқымды бұзаулар алады, ал жақсы тұқым өзінің сапалы ет немесе сүтімен, пайдасы мол болып  ерекшеленеді.

Профессордың пікірінше, бұрынғысынша басқару әдістері іс жүзінде пайда түсірмейді: бұл салаға қаншама қаражат берілуде және мал басы саны бірнеше жыл ішінде артып жатыр, алайда мал шаруашылығында түбегейлі өзгеріс байқалмауда. Мал шаруашылығы өнімдерінің жалпы өнімінің өсуі, негізінен мал санының көбеюімен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, мал санының өсуі инфрақұрылым мен мал шаруашылығын ұстауда шығындардың өсуіне әкеліп соғуда.

«Мал шаруашылығына жасалған талдау бойынша сиыр табынының өнімділігінің төмен болуының екі негізгі себебін анықталды. Біріншісі - белгілі бір нәтижеге  бағытталған асыл тұқымды жұмыстардың жасалмауы. Екіншісі - мал азығын қамтамасыз ететін керекті жемшөп базасының болмауы», - дейді Айбын Төреханов.

Республикадағы мал шаруашылығын дамытудың негізгі тежеуші факторы мал басының көбі шағын шаруашылықтарда ұсталуда деп айтты ол: ірі қара малдың 70% -дан астамы халықтың жеке шаруашылықтарында ұсталады. Сондықтан бүгінгі күні республикада орташа сүт өнімділігі жылына 2,7 мың тонна сүтті құрайды. Ал қалған 30% -ы ірі шаруа қожалықтарының меншігінде, яғни барлық асылдандыру жұмыстары соларда жасалады.

Бүгінгі таңда «Асыл түліктегі» асыл тұқымды малдардың тұқымдық қорында 6 млн-нан астам дозада ұрық сақтаулы, оның ішінде сүт, сүт-ет және ет бағытындағы бұқалардың ұрығы бар. Олар дұрыс және ұзақ мерзімге сақтау үшін сұйық азотта орналастырылады. Бұл жерде шетелдік және отандық мал тұқымдарының материалдары бар.

Орталық құрылғаннан бері республиканың жетекші шаруашылықтарынан 200-ден астам бұқа және Ресей, Украина, Германия, Канада, АҚШ-тан 15 белгілі сиыр тұқымдарының сүт, ет бағытындағы өндірушілерінен 150-ден астам бұқа ұрығы әкелінген. Ұрық қорын жаңарту және толықтыру үшін және қажетті генотипті бұқаларды алу үшін «тапсырыс бойынша шағылыстыру жасалады» және эмбриондарды салу жұмыстары жүргізілді.

Қазақтың ақбас сиырын жетік білеміз бе? 

Қазақ қауымы өсірген сиыр малы табиғи сұрыптаудың төл туындысы ретінде, туып өскен өңірлік ерекшеліктеріне орай әртүрлі болған. Мысалы, ауа-райы қолайлы оңтүстік шығыс өңірде өсірілген сиырлар бойшаң, ірі денелі болып келсе, қуаң аймақтарда таралған сиырлар денесі шағындау келіп, өрісті игеруге икемді және табиғаттың қатал сынына төзімді болған. Бұл жайында eldala.kz ақпарат көзінде жарияланған профессор Айбын Төрехановтың материалынан біле аласыздар. 

Көптеген зерттеулерде /Е.Ф. Лискун, А.В. Ланин/ жайылымда өскен қазақы сиырдың еті Ресейдің базарларында жақсы бағаланғаны жазылған. Ресей патшалығы кезінде жайылымда өскен Украинның көк сиыры мен қазақ сиырының еттері «черкес еті» деген атпен танылған.

XIX ғасырда патшалық Ресей базарлары қазақтың даласында өскен сиыр етімен қамтамасыз етіліп отырғаны жөнінде деректер көп кездеседі. Торғай өңірінде /А.И. Добромыслова, 1895/ бір адамға шаққанда 12,36 бас сиыр өсірілгенін жазса, В.Я. Бенкевич /1879/ бір түтінге шаққанда 57 бас сиыр болғанын жазған. К.Д. Дияровтың дерегінде Батыс Қазақстан өңірінде бір адамға орта есеппен 8,6 бас сиыр мал өсірілгені туралы жазылды. Осы мәліметтер сиыр малы қазақ даласында жеткілікті мөлшерде өсірілгеніне және Ресейді етпен қамтамасыз етудің негізгі көздерінің бірі болғанына дәлел.

Сондықтанда болар, Одақ кезінде сиыр шаруашылығын өркендету барысында жергілікті малдың өнімділігін жақсарту үшін етті бағыттағы герефорд тұқымымен будандастыру, негізінен Қазақстан жерінде қолға алынды.

1928 жылы әкелінген бастапқы 1240 бас герефорд тұқымының 900 басы Қазақстанға таратылған. Жаппай будандастыру жұмыстарына пәрмен беру үшін 1931-1932 жылдары 800 бас қосымша әкелінген. Бірінші және екінші буын будандардың ұрпағын әрі қарай жақсарту үшін «мақсатты жұптау» ұстанымына серпін беру үшін 1939 жылы Совхоздар Министрлігінің бастамасымен тікелей ағылшын елінен тағы да 188 бас асыл тұқымды герефорд малы іріктеліп әкелінді.

Жергілікті малды герефорд тұқымымен жақсарту Қазақстан бойынша 13 облыстың 68 ауданын қамтыған. Будандастыру жұмыстары жүргізілген шаруашылықтар Қазақстан  жерінің  48% аумағын, яғни 500 550 мың шаршы км  көлемін алып жатқан.

Жергілікті малды жаппай жақсарту барысында будан малдардың етті бағыттағы қасиеттерін бекіту, жайылымға төзімділігін шыңдау басты назарда болған. Осындай кең ауқымды жұмыстар біздің мақтанышымыз «қазақтың ақбас сиыры» атты жаңа тұқым шығаруға мұрындық болды. Сол кезеңде жаңа шыққан тұқымның тиімділігін байқаған жергілікті халық осы сиырды «құтты мал» деп атапты. 

Атап өтетін жәйт, будандастыру жұмыстары жоспарлы түрде қарқынды жүргізілген. Мысалы, басында бір бұқашық қоралап шағылыстыру әдісімен 100 бас аналықты қашырса, 1936 жылдары қолдан ұрықтандыру әдісін кеңінен пайдаланылып, бір бас асыл тұқымды бұқа 300-ден аса сиыр ұрықтандыратын деңгейге жеткен.

Сырттан келген малдың біздің табиғи жағдайымызға бейімделуі де әр қилы болған. Табынға қосқан таза тұқымды герефорд пен бірінші буын будан бұқашықтардың белсенділігі төмен болып, бұзау алу жоспарына нұқсан келтірген. Сондай-ақ таза тұқымды және бірінші буын будан малдарда жұқпалы аурулар, мысалы, туберкулез, бруцеллез белең алған. Әлбетте, жайылымда жүрген малдардың арасында конъюктивит пен кератит аурулары жиі кездескен, әрі тұяғы да әлсіздік танытқан.  Дегенмен, жергілікті малды жаппай жақсарту барысында мал өсіру технологиясы қалыптасқан әдіспен жүргізіліп, табиғи сұрыптау тезінен өткізілген. Осы ұстаным жергілікті жерге бейімделген етті сиырдың қалыптасуына мұрындық болды.

Ескеретін жәйт, сараптау барысында ағылшын бұқашықтарында «туыстық жақындық» /инбридинг/ орын алғаны анықталған. Мысалы, ағылшын бұқашықтарына тән II-III и II-II деңгейдегі туыстық жақындық екінші буын ұрпақтарының өзара шағылысуына жол берілгеніне дәлел. Генетика іліміне сүйенсек,  қан жақындығы малдың кейбір белгілерінің бекемделуіне ықпал еткенімен, көбіне, ағзаның төзімділігін әлсіретіп, қалыпты қызметіне нұқсан келтіретіні белгілі жәйт.

Жаппай будандастыра отырып, қолдағы малды жақсарту барысында ұтымды жүргізілген сұрыптау мен жұптау жұмыстары республикамыздың барлық өңірінде жаңа тұқымдық мал тобының қалыптасуына ықпал етті. Барлық мал басы барынша селекциялық жұмыспен қамтылды, асыл тұқымды шаруашылықтарда тұқымдық малдың таңдаулы тобы шоғырланды, олардан аталық малдар іріктеліп алынды. Осылайша, ұдайы жүргізілген сұрыптау жұмыстары және малдың белгілі бір нышандарын жақсарту мақсатында қолданылған сындарлы жұптау үдерісі жиырма жылдың көлемінде өзіндік ерекше белгілері қалыптасқан жаңа тұқымның шығуына ұласты. 

Қазақстан Республикасы мал басы жағынан, өсірілу аумағының көлемі және селекциялық жұмыс барысында қалыптасқан аталықіз бен тұқымішілік құрылымдық мал топтары /тип/ саны жағынан Ресейден озық тұрды. Әрине, әртүрлі табиғи аймақта өсірілгендіктен, тұқым ішінде өңірлік ерекшелігі бар жеке мал топтары /тип/ қалыптасты. Деректер легіне сүйенсек, тек Қазақстан аумағында етті бағыттағы сапасы бекіген, тектік қасиеті тұрақталған мал тобының өзі жеке дара жаңа тұқымды апробациялау деңгейіне жеткен. Осылайша, 1950 жылы Одақ көлемінде Министрлер кеңесінің қаулысымен «Қазақтың ақбас сиыры» деген атпен жаңа тұқым бекітілді. Әлбетте, бұл үлкен жетістік, әрі мақтаныш.

Отыз жылдық қысқа мерзім ішінде жаңа тұқымның қалыптасуына ықпал еткен басты факторлар:

  • жаңа тұқымның қалыптасуына ұйытқы болған аналық малдың  тектілік пәрмені. Біріншіден, жергілікті мал жайылымға бейімделген, табиғаттың қатал сынына төзімді еді. Екіншіден, Қазақстанның әртүрлі табиғи аймағына тән жергілікті сиырлардың жеке топтары бар еді. Әр өңірдің өзіне тән тектік ерекшелігі жалпы будандастыру барысында жаңа тұқымның тектік қор аясын кеңітіп отырды, яғни генетикалық әр алуандылық тұқымның икемділігін анықтады;
  • жаңа тұқымның Одақ деңгейінде танымал болуына ықпал еткен аталық малдың тектілік тегеуіріні еді.  Әлемде жайылымда өсірілетін етті бағыттағы сиырлардың ішіндегі сыртқы ортаға бейімдісі де, тезжетілгіші де осы герефорд тұқымы болатын;
  • тұтынушы үдесіне сай еттің жақсы сапасы аналық малға да, аталық малға да тән ортақ қасиет еді. Әсіресе,  қазақы сиырға тән бұлшық еттеріне етпен қатар май қыртысын жинақтау, әсіресе, ет талшықтарының арасына май түзілу үрдісі еттің дәмін арттырып,  тағамдық жарамдылығы мен сапалық қасиетін анықтады;
  • жаппай будандастыру барысында қолдан сұрыптау жұмыстары табиғи сұрыптау жұмыстарымен астасып жатты. Сондықтан да, жайылымға төзімсіз, тұяғы әлсіз малдар табиғи сұрыптаудың тезінен өтпеді. Ал, бұзаулардың қарқынды өсуіне қазақы сиырдың майлы сүті ықпал етті;
  • талапқа сай малдарды көбейту қарқынды жолмен қолдан ұрықтандыру әдісімен жедел жүзеге асты. Тұқымдық бұқашықтарды ұрпағы бойынша сынақтан өткізу, тектілік қасиетті шыңдай түсті;
  • аналық және аталық тұқымдар ұтымды таңдалған. Мысалы, ет сапасы бойынша екі тұқымның сапалық деңгейі бірін-бірі толықтырып отырса, бұзаулардың өсуіне аталық мал тарапынан тез жетілу ықпал етіп, аналық мал тарапынан сүттің майлылығы пәрмен берді. 
  • малдың жыл бойына жайылымда бағылуы, яғни «спартандық» жағдай жас ұрпақтың төзімді болуын қалыптастырып, жергілікті климатқа бейімділігін бекіте түсті.

Қандай жетістіктермен мақтана аламыз. Деректерге сүйенсек, қазақы сиырдың тірілей салмағы 240-384 кг аралығында болғаны және бес жасар бұқалардың таңдаулысы 520 кг дейін салмақ тартқаны келтірілген. Осы деректер, қазақы сиырдың шағын денелі болғанын, дегенмен, жасы ұлғайған сайын салмақ қоса алатын қабілетін айқындайды.

«Қазақтың ақбас сиыры» жаңа тұқым ретінде қабылданған соң, ең жоғарғы көрсеткіш Батыс Қазақстан өңіріне тән болған, асыл тұқымды құнажын 475 кг, сақа сиырлар 511 кг салмақ тартқан.

Жиырма жыл бойы жүргізілген селекциялық жұмыстар үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Жергілікті малмен салыстырғанда, жаңа сиыр тұқымы 200 кг-ға артық салмақ басады, экономикалық тұрғыдан мал өсірудің тиімділігі артты. Жайылымдық технологияда мал бағуға жұмсалатын шығынның тұрақтылығын ескерсек, әр бас сиырға шаққанда қосымша 100 кг ет шығынсыз артық өндірілді. Бұл орташа көрсеткіш еді. 

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарында «Аңқаты» мен «Шапай» шаруашылықтарының сынақ станцияларында тәулігіне 1 600 гр салмақ қосып, 15 айлық жасында 600 кг тірілей салмаққа жеткен бұқашықтар болды. Бұл - әлемдік жетістіктердің межесі еді. Сол кезеңдерде «Қалбатау» шаруашылығының «Пани 132» атты сиыры 1036 кг салмақ тартса, ал «Бруска 258» атты бұқасы 1400 кг салмақ тартты. Осы жетістіктер қазақтың ақбас сиырының тектік әлеуетінің зор екенін аңғартып тұр.

Әрине, қазақтың ақбас сиырының тектік аясы да кең.   Мысалы, бүгінгі күнге бізге 32-33 атылықтың түрі мәлім. Батыс Қазақстанда үш сүлесі шығарылған: «Батыс Қазақстандық аймақтық» сүлесі, ірі денелі «Аңқаты» сүлесі және мұқыл сиыр тобына жататын «Шағатай» сүлесі, Солтүстік Қазақстанда «Алабота» сүлесі шығарылған. Бізге жеткен ақпараттан білетініміз  Ресей Федерациясында «Заволжский» және «Могойтуй» типтері апробацияланғаны белгілі.

Статистикалық мәліметтер бойынша, 1991 жылы «қазақтың ақбас сиыры» мал саны жағынан шырқау шегіне жетіп,  1 370  мың бас болды. Осы кезеңде еліміздегі етті бағыттағы сиыр малының саны 2,5 млн басқа жеткенін ескерсек, ақбас сиырдың үлесі 55%-ды құрап, сиыр етін өндірудің көшбасшысы болды.     

Қазақтың ақбас сиырының бүгінгі ахуалы қандай деген сауалға мардымды жауап таппаймыз. Жаппай жекешелендіру кезеңінде жаппай жақсартылған мал күйзеліске ұрынды. Әркім өз үлесін алып, шаруасын күйттеп, қолдағы малынан барынша табыс алуды мақсат тұтты. Осы кезде, мал өсірудің ұйтқысы асыл тұқымды малдың парқы еленбеді. Асыл тұқымды шаруашылықтар бөлініске түсіп, асыл тұқымды малдың есебі де дағдарысқа ұшырады.

Осы тұста сиыр етін экспортқа шығарамыз деген саясатпен сырт елден «кірме малдар» келді. Әкелінген малдың тиімділігін арттыру мақсатында барлық мемлекеттік қолдау ресурстары осы бағытқа жұмылдырылды. «Кірме мал» әспеттеліп, қазақтың ақбас сиыры «өнімділігі нашар» мал ретінде сипатталды. Осы бір ебедейсіз әрекеттер мақтанышымыз болған ақбас сиырдың өрісін тарылтты.

Дегенмен, соңғы жылдары қазақтың ақбас сиырының республикалық палатасы осы тұқымның дамуына бағытталған біраз шаруалар атқарып жатыр. Палата тоқырауға ұшыраған тұқымның өрісін кеңейту үшін заманауи ұстанымдарға пәрмен беруде. Мысалы, бұқаларды ұрпағы бойынша бағалауды заманауи «GrowSafe»  әдісімен жүргізуді қолға алыпты. Бәрекелді, іске сәт!

Маман ретінде, малдың тұқымдық сапасын арттырудың бірден-бір қысқа жолы – қолдан ұрықтандыру екенін ескере отырып, осы іске пәрмен берілсе, осы бағытта Палата мемлекеттік қолдаудың аясын арттыруға жұмыс атқарса отандық тұқымның бағы ашылар еді. Осы орайда, тұқымдық малдарды таңдау мен іріктеу барысында геномдық сараптаудың заманауи технологиясы «SNP» әдісін кеңінен қолдану селекциялық үрдісті жеделдетуге ықпалын тигізер еді.

Қазақтың ақбас сиырын шығару мақсатында герефорд тұқымын қолданғанымыз анық. Енді, осы қанды үстемелеп құю, жергілікті малдың төзімділігін әлсірететіні генетика іліміне белгілі жәйт. Осындайда, «өзіңнен шықпай, өзегің майланбайды» деген бабамыздың даналығына сүйеніп, Палата мамандары өз малымыздың құтын арттыруға жұмыс жасағаны игілікке ұласатыны анық.

0 пікір
Мұрағат