9,8 млн-нан астам қазақстандықтарға мемлекет есебінен медициналық қызмет көрсетіледі
|
Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін енгізгеннен соң халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобына жататын 9,8 млн.-нан астам адамға олар үшін мемлекеттің жарна төлеуі арқылы медициналық қызмет көрсетілетін болады.
Бұл туралы ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру Қоры (ӘМСҚ) жарнасын төлеуден азаматтардың 15 санаты босатылады, оның ішінде 12-сі - халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобы, сонымен қатар, әскери қызметкерлер, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының жұмыскерлері.
Халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобына:
- балалар;
- «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, бұрын «Батыр Ана» атағын алғандар, сонымен қатар I және II дәрежелі «Аналық даңқ» орденімен марапатталған көп балалы аналар;
- ҰОС ардагерлері мен мүгедектері;
- мүгедектер;
- жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар;
- интернат мекемелерінде оқытылып, тәрбиеленіп жатқан тұлғалар;
- техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғарғы білім беру ұйымдарында күндізгі бөлімдерде, сонымен қатар резидентура формасындағы ЖОО кейін білім алып жатқан тұлғалар;
- бала тууға, бала асырап алуға, 3 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты демалыстағы тұлғалар;
- жұмыс істемейтін екіқабат әйелдер, іс жүзінде 3 жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған жұмыссыз азаматтар;
- зейнеткерлер;
- ең төменгі деңгейдегі қауіпсіздік мекемелерін есептемегенде сот шешімімен ҚАЖ мекемелерінде айыбын өтеушілер;
- уақытша ұстау изоляторлары мен тергеу изоляторларындағы азаматтар жатады.
Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекет, жұмыс берушілер, өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтар ӘМСҚ-ға жарна төлеуді бастайды.
Ерекше санаттағы азаматтар үшін мемлекет төлейтін жарнаның мөлшерлемесі орташа айлық еңбекақының 7%-ын құрайды. Сонымен қатар мөлшерлеменің көлемі 2017 жылы 4%, 2018 жылдан бастап 5%-ға, 2023 жылдан 6%-ға, 2024 жылдан 7%-ға сатылай өсетін болады.
Жұмыс берушілер жарнасы мөлшерлемесінің жалпы көлемі кірістің 5%-ын құрайтын болады. Аударым 2017 жылы 2%-ды, 2018 жылы 3%-ды, 2019 жылы 4%-ды, 2020 жылы 5%-ды құрайтын болады.
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жарнасының мөлшерлемесі (жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар, азаматтық-құқықтық негіздегі келісім бойынша кіріс табатын жеке тұлғалар) олардың кірісінің 7% құрайтын болады. Ол 2017 жылы 2%, 2018 жылы 3%, 2019 жылы 5%, 2020 жылдан бастап 7% болады.
Жалдамалы жұмысшылар жарнаны 2019 жылдан бастап 1%, 2020 жылдан 2%-дық мөлшерде төлейтін болады.
Қор арқылы қаржыландыру 2017 жылғы 1 шілдеден басталады.