2029 жылы халық саны 20 млн адамға жетуі мүмкін
|
Өткен жылы еліміздегі жалпы ішкі өнім 4,3% өскен. Мұндай мәліметті Статистика комитетінің төрағасы Әлихан Смайылов келтірді.
Айтуынша, негізгі капиталға бағытталған инвестициялар 6 трлн теңгеден асып, 3,9 пайызға артып отыр. Осылайша, Қазақстан Еуразиялық экономикалық аймақ елдері ішінде ЖІӨ көрсеткіші бойынша көш бастады.
Мәселен, Белоруссияда 9 айдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсімі шамамен 1,7% деңгейінде байқалса, Ресейде көрсеткіш 0,8% деңгейінде тұрақтады.
Сондай-ақ, Қазақстанның Кеден одағы елдерімен сауда айналымы 18 млрд 85 млн долларға жетті. Бұл да өткен жыл қорытындысы негізінде жасалған статистикалық мәлімет.
Комитет төрағасы бөліскен тағы бір жағымды жаңалық - елімізде адам саны артқан. Бір жылда қазақстандықтардың саны 251 мың адамға ұлғайды. 2029 жылға қарай 20 миллионға жетеміз деген болжам да бар.
"Бiз 2029 жылға дейiн халық саны 20 млн адамға жетедi деген болжам жасағанбыз. Жалпы бiр жылда халық саны 251 мың адамға артты. 2017 жылдың соңына дейiн Қазақстандағы халық саны 18 миллионға жетедi деген жоспарымыз бар", - деді Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің төрағасы Әлихан Смайылов.