20 мың бейәдеп материалға шектеу қойылды
20 мың бейәдеп материалға шектеу қойылды
8 жыл бұрын 3031 egemen.kz Нұрлыбек ДОСЫБАЙ

Жыл басынан бері Қазақстанда интернетте орналастырылған 20 мыңнан астам әртүрлі тақырыптардағы бейәдеп материал бұғатталған. Мұндай дерек Ақпарат және коммуникациялар минис­трлігінің ұйымдастыруымен өткен алқада айтылды.

«16 жасқа толмағандардың әлеуметтік желі­лерде тіркелуіне шектеу ен­гізу» тақырыбы аясында ұйым­дастырылған отырысқа мем­лекеттік органдар мен түрлі ұй­ымдар және қоғам белсенділері қа­тысқан болатын. Аталған ми­нис­трліктің мемлекеттік меке­ме ретінде интернет пен әлеуметтік желілердің мұқият бақы­лана­тындығын баяндаған Жанат Мұ­ратұлы пайдасынан зия­ны көп сайттарды былай қойып, сонымен мәндес мәліметтер де бұғат­талатындығын айтты.

«Әрине, біз пайдасынан зия­ны көп сайттарды құзырлы орган­дармен бірлесе отырып, қыз­метін тоқтатамыз. Одан бөлек, жет­кін­шектер көп үйірсектейтін әлеуметтік желілерді де қатаң қадағалап, сараптап отыра­мыз. Жыл басынан бері 20 мың­нан астам материалды бұ­ғаттадық. Оның басым бөлігі балаларды өз-өзіне қол жұмсауға жетелейтін, порнографиялық сипатқа ие немесе теріс ағымға үндейтін, тіпті, бұзақылық әре­кеттер арқылы қатыгездікке баулитын бағытта болғандықтан осындай шешім қабылдадық», – деді ол.

Сондай-ақ, жиында мәселенің өзектілігі мен әлеуметтік ма­ңыз­дылығына байланысты балаларды интернеттің қауіп-қа­терінен қорғау үшін техникалық мүмкіндіктер арқылы қойылатын шектеулер туралы да ұсыныстар айтылды.

Соның бірі – байланыс операторлары «балалар интернеті» деп аталатын қызметті іске қосуы туралы болды.

«Бәлкім, байланыс оператор­ларымен бірлесе отырып жеткін­шектерге арналған шектеулі «балалар интернеті» қызметін іске қосу керек шығар. Бұл өзі кейбір елдердің тәжірибесінде бар. Белгілі бір деңгейде интернеттің тарифін енгізіп, өзгесіне шектеу қойылуы қажет. Оның ерекшелігі сол – балаларға ұсынылған интернетте зиян­ды контентті бұғаттау міндет­телетін болады», – деді Ж.Қожах­метов.

0 пікір
Мұрағат