1000 теңгелік банкноттан қате табылды
|
Түркітанушы ғалым, тарих ғылымдарының докторы Талғат Жұмағанбетов 1000 теңгенің жаңа үлгісінен қате тапқан. Тарихшы жаңа банкнотта бейнеленген тұлғаның екінші түрік қағанатының кемеңгері Күлтегінге ұқсамайтынын алға тартып отыр. Осынау келеңсіздікке байланысты ақша шығарушылардың тарихшылармен ақылдаспағанына қынжылыс білдірді. Оның үстіне, қазіргі уақытта Жапонияда, АҚШ-та, сондай-ақ, алдыңғы қатарлы Еуропа елдерінде түркітану ғылымы зерделеніп жатқандықтан мұндай ағаттықтың абырой әпермейтінін, керісінше ұятқа қалдыратынын тілге тиек етті. Оның сөзіне қарағанда, 1000 теңге банкнотында бейнеленген тұлғаның шашы жоқ. Күлтегіннің тасқа қашалған мазарында оның бабасы Бұмын қағанды және зайыбын шаштарынан ұстап, таққа отырғызған. Ол ол ма, бейнеленген тұлғаның не сақалы, не мұрты жоқ. Жылмағай. Бір айта кетерлігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі 1000 теңгенің бұл үлгісін 2013 жылдың желтоқсан айының 12-і күні айналымға шығарды. Ең қызығы, үстіміздегі жылдың мамыр айының бас кезінде халықаралық банкнот қауымдастығы аталмыш ақша үлгісіне «2013 жылдың ең үздік банкноты» деген атақ берген екен.