ЮНЕСКО-ның екіжүзді саясаты
ЮНЕСКО-ның екіжүзді саясаты
4 жыл бұрын 5320 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Әзірбайжан табаны күректей 30 жылға созылған армян басқыншылығына тойтарыс берді. Айналдырған бір ай жарым шамасында атамекенін жаудан азат етті. Бұл туралы түрлі бұқаралық ақпарат құралдарынан, мерзімді басылымдар мен әлеуметтік желілерден әлеумет құлағдар болып отырды. Тіпті, майдан даласындағы соғыстың барысы да таспаға тартылып, әлем жұртының назарына ұсынылды. Бұл соғыста қанша адамның мерт болғаны да айтылды. Соғыстың қалай аяқталғанын да білесіздер. Біздің айтпағымыз, сарапшылар назар аудармаған тұс: таяуда Әзірбайжанның ұлттық ғылым академиясы Қарабақтағы 67 мешіттің 63-ін армяндардың толық жермен-жексен еткенін мәлімдеді. Қалған төрт мешіт пен өзге де тарихи әрі мәдени нысандар ішінара бүлініп, қираған. Әзірбайжан ұлттық ғылым академиясының Құқық және адам құқығы институтының қызметкері Файга Ысмайлованың айтуынша, жаудан азат етілген Шуша қаласындағы 215 нысан, Ағдамда 140, Жәбрейлде 93 және Қожабенде 93 ескерткіш, Келбазарда 91, Лашын ауданында 74, Құбалыда 71 және Физулиде 71, Жанғыланда 56, Қожалыда 28 нысан жойылған немесе ішінара қиратылған. Армяндар 1647 мәдени және тарихи ескерткішті тиісінше тіркемей, қорғауға алмаған. Сол себепті, бұл шығынды анықтау қиынға түседі, десе де сарапшылардың есебінше, шығын - 1 млрд доллардан асып жығылады. Қараша айының 11-і күні Әзірбайжан президенті армяндар бақылауында болған кездегі материалдық шығынның орнын толтыруды талап ететінін мәлімдеген еді. Өздеріңіз білесіздер, батыс елдері мен Ресей билігі Қарабақтағы армяндар тұрғызған шіркеулерді көздің қарашығындай сақтауды талап етіп жатыр. Әлемдегі мәдени мұралар мен мәдени құндылықтарға жауапты ЮНЕСКО де әзірбайжандардан армян шіркеулерін сақтауды талап етіп отыр. Десе де бұл талапты кезінде армяндарға қоймаған болатын. Бұл - бір. Қарабақтағы армяндар Армения мен Ресейге қоныс аударып жатыр. Жай кетпей, үй-орманын өртеп, ағаштарын отап, кісәпірлікке баруда. Армяндардың инфрақұрылымды талқандаған, биологиялық әр алуандылыққа есепсіз зиян шектіріп, экологиялық террорға барған жабайы әрекетіне қатысты әлемдік қауымдастық көз жұма қарап отыр. Әлеуметтік желіде армяндардың бұл арсыз әрекетін сынға алып жатыр. Интернет пайдаланушылардың біреуі былай деп жазыпты: "Үй қожайыны қайтап оралғанда есікті ашуы үшін кілттеп кетеді. Ал ұрылар ізін жасыру үшін өртеп кетеді".  

0 пікір
Мұрағат