«Тығырықтан жол тапқан» көркем фильмі Елбасыға ұнады ма?
|
Кеше Елбасы «Тығырықтан жол тапқан» көркем фильмінің премьерасында болды. Бұл картина бұған дейінгі «Балалық шағымның аспаны», «Отты өзен» және «Темір тау» фильмдерінен құралған «Елбасы жолы» киноэпопеясының төртінші бөлімі болып саналады.
Жаңа кинотаспа бас кейіпкердің өміріндегі маңызды кезеңді – Орталық Азиядағы ірі металлургиялық кәсіпорын – Қарағанды металлургия комбинаты партия ұйымының басшысы ретінде қалыптасуы кезеңін суреттейді. Оқиғалар оның Днепродзержинскідегі оқудан кейінгі және «Қазақстан магниткасындағы» жұмысының басталған кезіндегі өмірін қамтиды. Киноэпопеяның сценарийін Нұрсұлтан Назарбаевтың кітабының желісімен белгілі қазақстандық драматург-сценаристер Ш.Құсайынов, Р.Әбдірәшев және Г.Земель жазған. Онда Мемлекет басшысының әріптестерінің, достары мен үзеңгілестерінің естеліктерінен алынған эпизодтар да қолданылған.
«Тығырықтан жол тапқан» фильмінің түсірілімі Қазақстан мен Ресейде, атап айтқанда, Астана, Алматы, Қарағанды, Теміртау және Мәскеу қалаларында жүргізілген.
Басты рөлде Қазақстанның жас актері Н.Әлімжанов ойнады, өзге кейіпкерлерді отандық және ресейлік актерлер сомдады, олардың қатарында В.Гафт, И.Ясулович, А.Рапопорт, Н.Арынбасарова, В.Стеклов және тағы басқалар бар. Премьера соңында Елбасымыз фильмнің ұнағанын айтып, актерлардың қолын алып, ризашылығын білдірді.
«Тығырықтан жол тапқан» фильмі жалпыұлттық прокатқа биылғы 4 желтоқсаннан бастап түседі.