Тұңғыш: исламды қабылдаған алғашқы жапон
Тұңғыш: исламды қабылдаған алғашқы жапон
4 жыл бұрын 5876 Материалды көшіріп басқан кезде islam.kz порталына гиперсілтеме берілуі міндетті. Алғашқы сөйлемнен кейін қойылуы тиіс сілтеме

Күншығыс елінің ислам әлемімен қатынасы қасіретпен басталып, арты Османлы империясы мен Жапонияның арасындағы байланыстың дамуына ұласты. Бұл жайында islam.kz порталы Daily Sabah ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. 1887 жылы Жапонияның корол отбасынан шыққан ханзада Коматсу Акихито ресми сапармен Стамбұлға аттанады, екі жылдан соң, яғни, 1889 жылы түрік делегациясы шілде айында Стамбұлдан Йокогам қаласына жолға шығады. «Ертұрғыл» фрегатымен. 1890 жылдың маусымында түрік делегациясы Жапония жағалауына тұмсық тірейді, қолбасшы Осман Паша Әбдіхамид сұлтанның хатын жапон императорының қолына табыстайды. Түрік делегациясы күншығыс елінде 3 ай болып, еліне қайтуға қамданады. Йокогамадан шыққаннан кейін түрік фрегаты теңіз дауылынан су түбіне кетеді. Бұл апат өз кезегінде жапон қоғамын дүр сілкіндіреді – аман қалған 69 османлы азаматы үшін қайырымдылық шарасы ұйымдастырылады, тіпті, сол кездегі танымал Jiji Shinpo жапон мерзімді басылымы 4,2 млн йеннан аса қаражат жинап береді. Аман қалған түріктер жапондардың екі кемесімен елге қайтады, оларға ілесіп Jiji Shinpo газетінің тілшісі  Шотаро Нода да Стамбұлға аттанады. Жас тілші жапон қоғамы жинаған қайырымдылық қаржысын османлы билігіне өз қолымен табыс етеді. Сұлтан Әбдіхамит жапон тілшісіне елде қалуын өтініп, одан түрік әскеріне жапон тілін үйретуге өтініш айтады. Жапон тілшісі сұлтанның ұсынысынан бас тартпайды. Оған барлық жағдай жасап, әскери академия курсанттарына білім беруіне мүмкіндік тудырады. Самурайлар отбасында дүниеге келген Нода Шотаро түрік тілін үйреніп, ислам негіздеріне ден қояды. 1891 жылдың мамыр айының 21-і күні ол ислам дінін қабылдап, Әбдіхалым есімін алады. Осылайша ол исламды қабылдаған алғашқы жапон ретінде тарихта аты қалады. Оның портреті Османлы баспасөзінде жарияланады. 1892 жылы Нода Шотаро Токиоға қайтып оралады. Елге келген соң сұлтанмен хат жазысып тұрады. Алайда, ғұмыры келте қайырылды – 1904 жылдың сәуір айының 27-сі күні ол бақиға аттанады.

0 пікір
Мұрағат