Таңғажайып тастар
|
Baq.kz ақпарат көзінің хабарлауынша,Астанада Ақылбек Сыздықов дейтін ақсақал бар. Орталық базардың жанындағы мешітке іргелес үйдегі машина тұрағының күзетшісі екен. Көлігімізді қойғанда өзі келіп амандасты. Костюмімнің жағасындағы «Егемен Қазақстан» газетінің төсбелгісін байқап қалған екен. «Аманат еді, жүріңіз, сізге көрсететін дүниелерім бар», – деді. Екі адам әзер айналатын дүңгіршекке кірдік. «Дүниелері» шашақты дорбаға салынған тастар екен. Бірінен-бірі өтеді. Асыққанымыз жайына қалды. Қарап жатырмыз, қарап жатырмыз. Бәрінің қысқаша сипаттамасы, дерегі жазылыпты.
Кезінде әуесқой өлкетанушы болған бүгінгі зейнеткер: «Осыны халыққа жеткізші қарағым», – деді. Бәрін алу мүмкін емес. Бір топтамасын суретке түсіріп алдым. Табиғат құбылыстарынан жаралған тастар жануарларды бейнелейді. Ол замандарда бәлкім түсінікте жоқ та шығар, бірақ, қазіргі «Жұлдыз жорамалға» дәл келіп тұрғаны анық (Суреттерде). Бұл жәдігерлер Қызылордадағы Арал қаласының тұрғыны Мейрамбек дейтін кісіден алынған екен. Тастардың көлемі 14-25 сантиметр шамасында. Сондай-ақ, Арал ауданындағы Ақбай ауылының Ақирек деген жер жар жотасы болып келеді. Соның айналасында көне белдеулер бар. Таудың тасымен қоршалған. Осы тастардың бірінде 28 сантиметр көлемдегі кәдімгі тарақтың сұлбасы анық көрінеді (Суретте). Ағамыз мұның бәрі шындық деп отыр. Бұл туралы үш тілде шығатын ғылыми-көпшілік «Қазақтану» журналында (№2 (31) 2014) көлемді мақала да жариялапты.
Бақберген АМАЛБЕК