Тәліптер бірқатар діни және өзге де әдебиеттерге тыйым салды
|
Ауғанстан билігі, дәлірегі, тәліптерден жасақталған ақпарат министрлігіне қарасты кітап комиссиясы 433 туындыға, солардың ішінде уахабшылардың негізгі кітаптарының тәржімесіне (басып шығаруға, оқуға, таратуға) тыйым салды. Бұл жайында islam.kz порталы IslamNews ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Ауған ислам әмірлігі сәләфилік ортадағы ең беделді дереккөз саналатын Мұхаммед ибн Әбд әл-Уаххаб әл-Тамимидің «Китаб әл-Таухид» атты трактатын шектеді. Бұдан бөлек, тәліптер ұлттық мүддеге қайшы келеді деп танып, Жан Мұхаммед Зәкидтің араб тілінен аударылған еңбегіне де тыйым салды. Осы тұста өткен жылдың желтоқсан айында ауған аумағында босқындар ісі жөніндегі министр Халел Хакканның өлтірілгенін айта кетпекпіз. Бұл терактінің артында Шам мен Ирак жерінде ойран салған лаңкестер тұрғаны айтылған. Осындай себеппен уахабшылардың жазба еңбектеріне тыйым салу шарасы арқылы елдегі экстремистік қозғалыстың әрекеті мен идеологиясына шектеу қоюы да мүмкін.