Су астындағы мүсіндер мұражайы ашылды (ВИДЕО)
Су астындағы мүсіндер мұражайы ашылды (ВИДЕО)
9 жыл бұрын 5621

Еуропада дайверлер және теңіз жануарлары ғана көре алатын алғашқы су асты мұражайы ашылды.

Испанияның Лансарота аралының жағалауында, Лас-Колорадос шығанағында Джейсон Де Кэйрес Тейлор жасаған мүсіндерді орнату басталды. Оның туындылары экологиялық таза бетоннан жасалған, олар күнделікті өмірдегі көріністерді бейнелеп, мұхит проблемалары туралы ақпараттандыруға бағытталған.

12-15 метр тереңдікте орнатылатын адамдардың тылсым кейіптегі мүсіндері жасанды рифтің бір бөлігіне айналып, сол маңдағы су асты экожүйесінің дамуына септігін тигізеді деп күтілуде.

Мүсіндік композициялардың бірі «Контент» деп аталған, ол су астында селфи жасап жатқан жұпты бейнелейді. Екінші мүсіндік топ, «Рубикон» су астында келе жатқан 35 «адамнан» тұрады. Үшінші топ, «Лампедуза салы», қайықтағы босқындарды бейнелейді. Барлығы «Museo Atlántico» деп аталады.

Мүсіндерді су астына түсіп немесе түбінен су асты көрінетін қайықтарға мініп тамашалауға болады. Жобаның құны 700 мың еуроға бағалануда, деп жазады The Local басылымы.

Бұған дейін Де Кэйрос Тейлор осыған ұқсас мұражайларды Багам аралдарында ашып, сондай-ақ Гренада жағалауына жақын жерде, Кариб теңізінің түбіне біреуін орналастырған. 

0 пікір
Мұрағат