Қазақстанға қай елдерден көбірек ақша аударылады?
Қазақстанға қай елдерден көбірек ақша аударылады?
8 жыл бұрын 3137 naryk.kz

2017 жылдың алғашқы үш айында Қазақстанға шетелден аударылған қаржы көлемі өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 26,9 пайызға артты. 

Халықаралық төлем жүйелері арқылы шетелден Қазақстанға қаңтар-наурыз аралығында жалпы құны 56,24 млрд теңге болатын 311 мың транзакция жасалды.

Өткен жылдың алғашқы үш айында жалпы құны 44,33 млрд теңгенің 260 мың транзакциясы жасалынған еді.

Қазақстанға ең көп қаржы Ресейден аударылады. Былтырғы жылдың алғашқы үш айында Ресейден Қазақстанға 20,9 млрд теңге аударылса, биылғы алғашқы үш айда 29,6 млрд теңге аударылған.

Екінші орында Оңтүстік Корея. Ол жақтан алғашқы үш айда 3,8 млрд теңге аударылған. Былтырғы сәйкес мерзімде бұл көрсеткіш 1,2 млрд теңге болған еді.

Ал үшінші орындағы Қырғызстаннан аударылатын қаржы көлемі өзгеріссіз қалды. 3,5 млрд теңге.

Сонымен қатар АҚШ-тан былтыр алғашқы үш айда 1,8 млрд теңге аударылса, биыл наурызға дейін бұл көрсеткіш 2,3 млрд теңгеге жетті.

Ұлттық банктің хабарлауынша, ақша аударымдары негізінен доллар және рубльмен жасалады.

0 пікір
Мұрағат