Пушкиннің ұрпағы жарнама агенттігін сотқа бермек
|
Александр Пушкиннің ұрпағы Havas Worldwide Kazakhstan жарнама агенттігін сотқа бермекші.
Бұл жайында NUR.KZ ақпарат көзі 365info.kz сайтына сілтеме жасай отырып, хабар таратты.
Ұлы орыс ақынының шөпшегі Александр Александрович Пушкин Бельгиядағы А.С.Пушкин қорын басқарады. Ол өзінің атасы мен даңқты қазақ күйшісі Құрманғазының сүйіскен суретін салған агенттікті сотқа беретінін айтқан.
"Жасырмаймын, Бельгиядан мұны істеу қиын соғары сөзсіз. Алайда, мен адвокат табамын. Елшіліктен мұны істеудің ретін сұрастырамын. Әлгі суретті көргенде менің төбемнен жай түскендей болды. Әйелдерді сонша жақсы көрген атам туралы мұндай сурет салғаны үшін қатты ренжулімін", - деді телефон арқылы сұхбат берген ақынның ұрпағы.
Пушкиннің шөпшегі атасының қызтеке болмағанын, әйел затын сүйгенін бұрын да айтқан болатын.
Еске сала кетейік, кеше Құрманғазы атындағы консерватория студенттері Havas Worldwide Kazakhstan жарнама агенттігінен 34 миллион теңге өндіріп алды.