Мұсылмандық «Нусса» мултфилмінің танымалдылығы артып келеді (видео)
|
Индонезиялық «Нусса» анимациялық филмін тамашалауға екі апта аралығында 100 мыңнан аса билет сатылған. Бұл жайында islam.kz порталы Al Jazeera телеарнасына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. «Фичинема» және «Кішкентай алыптар» продюсері жұқпалы індетке байланысты шектеулер болмағанда билет бұдан да көп сатылатынына сенімді. 2019 жылы дүниеге келген “Нусса” анимациялық филмі өнегелі әрі ағартушылық контентімен көрермендерін баурап алды. 2019 жылы алғаш рет көрермендеріне жол тартқан бұл мултфилм Индонезияның кинофестивалінде жыл анимациясы деген атаққа ие болды. Бұдан бөлек, Оңтүстік Кореяда өткен жылы өткен «Бейфан» халықаралық кинофестивалінде де отбасы филмі аталымы бойынша бірінші орынды алды. Жүлделі анимациялық филмде екі баланың, дәлірегі, Нусса (атамекен, отан деген мағына береді) есімді ұл бала мен оның қарындасы Рарра туралы хикая қамтылған. Аталмыш картинада қоғамдағы күнделікті тірлік аясында рухани әрі әлеуметтік құндылықтар насихатталған. Кейіпкерлерін дыбыстау үшін 18 әртіс тер төккен анимациялық филм үшін жоғарғы технология мүмкіндіктері кеңінен пайдаланылған.