Калачи тұрғындары төтенше жағдай жариялауды талап етті
Калачи тұрғындары төтенше жағдай жариялауды талап етті
10 жыл бұрын 3499 nur.kz

Ақмола облысындағы Калачи ауылының жұрты төтенше жағдай жариялауды талап етеді! Ескі уран кеніші маңында орын тепкен ауылда соңғы екі күнде тағы 6 адам қалың ұйқыға кетті.

Жұмбақ дерттің зардабын тартып отырған жұрт қазір ашулы. Демалыс күндері 6 бірдей есеңгіреген адамды жедел жәрдем алып кеткен. Бұл дерт жылымық кезеңде өрши түседі.

"Ұйқыдағы ауыл" аталып кеткен елді мекен жұрты шенеуніктердің "көшіреміз" деген уәдесіне үміттеніп отыр. Осы мақсатқа қазынадан 2 миллиард теңге қаражат қажет. Ақша болмағандықтан, әзірге жоспар да жоқ.

Бір жағынан ұйқы мезі етсе, екінші жағынан жиі келіп жұртты тыныштандырып жүрген облыс басшыларының әрекетсіздігінен қалжырадық дейді. Бұл аласапыран жағдай осыдан 3 жыл бұрын басталған еді.

Бірақ сан рет анализ алынып, жан-жақтан қаптаған радиолог мамандар келсе де, кеселдің неден болғанын анықтай алған жоқ.

"Төтенше жағдай жариялануын талап етеміз! Жәрдемақы төленсін. Қанша шыдауға болады? Балалар ауырып жатыр. Сұмдық емес пе? Бұл дерттен ми ісінеді екен. Олардың болашағы ешкімді алаңдатпай ма? Облыс әкімінің бірінші орынбасары Отаров мырза келді, несіне олар келе береді. Не жоспары жоқ, не айтары жоқ", - дейді Калачи ауылының тұрғыны Виктор Лукьяненко.

Осы уақытқа дейін "ұйқы ауруына" 70-тен аса адам шалдыққан.

0 пікір
Мұрағат