Жаһан жаңалықтары: Жұма намазын әйел оқытып жүр
|
«Исламға деген үрейді батыс ойлап тапты»
«Юмор FM» радиостанциясының эфирінен Ресей Федерациясының Жазушылар одағының мүшесі, сатирик, драмутург Михаил Задорнов «Неформат с Михаилом Задорновым» бағдарламасында: «Меніңше, исламға деген үрей атаулыны батыс таңып отыр. Сендерден айырмашылығым: мен Құранды оқыдым. Онда террористік ештеңе жоқ, наным-сенімі өзгелерді өлтір демеген»,- деп мәлімдеме жасады. Сондай-ақ, ол христиандар мен мұсылмандар арасындағы араздықты крест жорықшыларының тұтатқанын тілге тиек етті.
Жұма намазын әйел оқытып жүр
Лос-Анджелес қаласының бір кезде синагога болған дінаралық орталығында ақ жаулықтыларға жұма намазын әйел адам оқытып жүр. Алдымен азан шақырылады, содан соң ақ жаулықтылар Эдина Лекович есімді әйел имамға ұйып, жұма намазын оқиды, артынан оның уағызын тыңдайды. Содан кейін барып, өздерін толғандырған сауалдарын қояды. Бұл жайында Al Arabiya ақпарат көзі хабар таратты.
Үш жастағы сәби әке-шешесін қалай жаралады?
АҚШ-тың Нью-Мексико штатындағы Альбукерке қаласында үш жастағы сәби әке-шешесін жаралады. Бұл жайында KRQE ақпарат көзі хабар таратты. Әйелдің сөмкесінде жатқан оқтаулы тапаншамен ойнамақ болған сәби шүріппесін басып жіберген. Қаңғыған оқ әкесінің қара санына тиіп, шешесінің иығынан жаралады. Бөлмеде сол сәтте екі жастағы қыз бала мен екі питбул болған. Олар дін аман. Сәбидің ата-анасы дәрігерлердің көмегіне жүгінуге тура келді. Әкесі жарасын таңғаннан кейін үйіне оралды. Ал аяғы ауыр анасы әзірге ауруханада жата тұрады. Билік сәбиді екі тәулікке өз қамқорлығына алды. Оның ата-анасына балаға жөнді қарамағаны үшін айып тағылуы мүмкін. Осыған ұқсас оқиға өткен жылдың соңында орын алған болатын. Айдахо штатындағы Хейден супермаркетінде екі жастағы сәби оқтаулы тапаншаның шүріппесін басып жіберіп, анасын бақиға аттандырған болатын.
Аязға қарамады
Өткен сенбіде Канаданың Торонто, Оттава қалаларының мұсылмандары қақаған аязға қарамай дін атын жамылып, экстремистік шабуыл жасайтындарға наразылық білдіріп, шеруге шықты. Лаңкестер мен террористік актілерге қарсы азаматтық үн қатқан үйеңкілер елінің мұсылмандары соңғы 10 жылдың ішінде 82 пайызға артқан. Бүгінгі таңда Канада халқының 3,2 пайызын құрап отыр. Осыған ұқсас акция Ұлыбританиядағы Уэльсте де орын алды. Жергілікті тұрғындардан екі жүздей адам азшылықты құрайтын мұсылмандарға қолдау білдіріп, оңшыл радикалдарға қарсы наразылық шеруіне шықты.