Ислам тарихындағы алғашқы мешітті кеңейту үшін 200 ғимарат сүріледі
|
Қасиетті Мәдина қаласының билігі кезіне іргетасын Пайғамбарлар падишасы Мұхаммед Мұстафаның (ﷺ) өзі қалаған ислам тарихындағы алғашқы мешітті кеңейтудің алғашқы кезеңі басталғанын жариялады. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде Saudi Gazette мерзімді басылымына жөн сілтеген IslamNews ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Құба мешітін қайта жаңғырту аясында Мәдинаны дамыту басқармасы тарихи ғибадат орнының аумағын 10 есеге кеңейтуді көздеп отыр. Құба мешітінде болашақта 66 мың адам бір мезгілде намаз оқи алатын болады. Аталмыш жобаны жүзеге асыру үшін Құба мешітінің қазіргі ғимаратының жанында орналасқан 200 нысан сүріледі. Сүрілетін үйлердің иелеріне өтемақы мөлшерін анықтау үшін әкімшілікке хабарласу тапсырылды. Мәдина билігі бірінші Ислам мешітінің радиусында бұзылатын үй-жайларды босатуға 1 ай уақыт берді.