Францияда христиандардың ғибадат ғимараттары сүріліп жатыр (видео)
|
Францияда Женест-Сен-Ил деп аталатын ғасырдан аса тарихы бар христиандардың көне ғибадат ғимаратын сүру жұмыстары басталып кетті. Бұл жайында islam.kz порталы IslamNews ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Жергілікті биліктің мәлімдеуінше, аталмыш ғибадат ғимаратында гидроизоляция проблемасы бар, яғни, судың әсерінен қорғау қиындық тудырады. Бұл ғибадат ғимаратының орнына жоспар бойынша кәсіпорын мен әлеуметтік тұрғын үйлер салынады. Ғибадатхананы бұзуға келген құрылысшылар соңғы рет қоладан құйылған қоңырауды соғып, жергілікті христиандардан кешірім сұрағандай болды. Дәлірегі, «моралдық зиянның орнын толтыру үшін...». 1872 жылы тұрғызылған шіркеу бірнеше жыл бойы қаңырап тұрған еді. Христиандық діни ғұрыптар ұмытылуға айналған елде мұндай шіркеулерді көбінесе жергілікті мұсылмандар жамағаты өзара қаржы жинап, сатып алып, мешітке айналдырып жатады. Батыс елдерінде шіркеуден мешітке айналған ғибадатханалар қарасы көбейіп келе жатыр. Кей жағдайда жергілікті билік шіркеуді мұсылмандарға сатарда оның тарихи келбетін сақтауды талап етеді. Әдетте ғибадатханалар – құлшылық ететін орын ғана емес, сонымен қатар, сол елдің рухани ландшафын құрайтын тарихи құндылық немесе жәдігер ретінде алға шығады. Кей сарапшылар шіркеудің сүрілуін христиандықтан түбегейлі бас тартудың көрінісі ретінде бағалап отыр.