БАС МҮФТИ ҚАРТ ӘЖЕЙГЕ ТОСЫНСЫЙ ЖАСАДЫ (ФОТО)
БАС МҮФТИ ҚАРТ ӘЖЕЙГЕ ТОСЫНСЫЙ ЖАСАДЫ (ФОТО)
8 жыл бұрын 3356 Muslim.kz

Кешегі күн Астана қаласында тұратын Кәдімқызы Орынбасар апамыз үшін ақ түйенің қарны жарылған күн болды. Қала шетіндегі жалдап тұрып жатқан қуықтай бөлмесіне ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы келеді деп кейуана мүлдем ойламаса керек. Ара-тұра хал-жағдайын сұрап, көмектесіп кетіп тұратын «Әзірет Сұлтан» мешітінің қызметкерлерімен бірге жаңбырлы күні үйіне кіріп келген дінбасын көргенінде, тіптен, абдырап қалды. Көзінде жалт ете қалған қуаныш ұшқынымен бірге, таңданыс табы да жоқ емес.

Алайда, қуаныштың көкесі әлі алда еді. Қарт әжейге құрметін көрсетіп, қонақ болып келіп қалған Бас мүфтидің қарияға арнаған тосынсыйы тағы бар екен. Алдымызда келе жатқан 1-қазан «Қарттар күніне» орай Кәдімқызы Орынбасар апамызды мерекемен құттықтап өткен Бас мүфти «Қажылық сертификатын» табыстаған сәтте апамыз шыдамастан екі көзіне ерік берді.

Осыдан бірнеше ай бұрын отандық телеарналардың бірінде бағдарлама қонағы болған апамыз өзінің асыл арманы – қажылық сапары жайлы айтып, тұрмыс тауқыметі тұралатқан мына заманда сол арманым орындалмай кететін шығар деп күрсінген еді. Ойламаған жерден олжалы болып, көңілі шарықтаған қарт әжей келген қонақтарға ақ тілегін жаудырып, көңілдерін босатты.+

Бұдан бөлек, Орынбасар апамызға «Әзірет Сұлтан» мешіті атынан 100 000 теңге көлемінде қаржылай көмек пен азық-түлік қоры тарту етілді. Естеріңізде болса, қасиетті Құрбан мерекесінде «Әзірет Сұлтан» мешітінің әйел ұстаздары бастаған ақжаулықты жамағаты «Қайырымдылық жәрмеңкесін» ұйымдастырып, түскен қаржы түгелдей мейірімге мұқтаж жандарға жұмсалатыны туралы айтылған еді. Жәрмеңкеден түскен қаржының қомақты бөлігі бірер апта бұрын қаламыздағы «Балалар үйіне» берілген болатын. Сол «Қайырымдылық жәрмеңкесінен» жиналған қаржының бүгін Орынбасар апамыздың да бір жыртығын бүтіндеуге септігі тиетіні қандай керемет десеңізші!

 

1 пікір
Мұрағат