Балконына мемлекеттік туды іліп қойған Астана тұрғынына айыппұл салынды (фото)
|
Астанада тұратын Жандос Құрманбаев балконына Қазақстан туын ілгені үшін 400 000 теңгеге дейін айыппұл төлейтін болды. Бұл жайында NUR.KZ ақпарат көзі хабар таратты.
Твиттер парақшасында Жандос Құрманбаев туды Головкиннің жеңісіне орай ілгенін жазған: "ҚР жалауын терезе жаққа патриоттық сезіммен әрі #GGG жеңісіне байланысты ілгенмін. Бүгін жалауды алып тастады. 394 400 тг. айыппұл салды".
Өз кезегінде Астана әкімдігінің ішкі саясат басқармасында қызмет ететін Гүлжан Елубаева айыппұлдың заңнамаға сәйкес салынғандығын түсіндірді.
Құрманбаев бұл шешімге наразы екендігін және қарсылық білдіріп, заңгерлердің кеңесіне жүгінетіндігін айтты.
Айыппұл туралы жаңалық қазнетте қызу пікірталасты тудырды. Бұл шешімге өз келіспеушілігін танымал блогер Александр Цой-да жеткізген екен.
"Бұл қалай болғаны? Біз неліктен өз патриоттығымыздан, еліміздің жалауынан қысылуымыз керек? Түркияда, мысалға, ту ілінбеген балкондар мен шатырлар сирек кездеседі", - деп жазады ол Facebook-тағы парақшасында.