Алматыда «Жаңа өмір» шіркеуін тінту барысында қару-жарақ пен оқ-дәрі табылды
Алматыда «Жаңа өмір» шіркеуін тінту барысында қару-жарақ пен оқ-дәрі табылды
9 жыл бұрын 2945 alashainasy.kz

Алматыдағы «Жаңа өмір» шіркеуін тінту барысында қару-жарақ пен оқ-дәрі табылды. Бұл туралы бүгін Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады. Айта кету керек, шіркеудің қызметкерлері қайырымдылыққа бөлінген қаржыны әрі жылжымалы мүлікті қолды етті деп 5 адам шағымданған. Осыған байланысты, Алматы қалалық Ішкі істер департаменті 2015 жылы «Алматы қаласының Інжілдік Сенім Христиандарының «Жаңа өмір» Шіркеуі» діни бірлестігі басшылығына қарасты, ҚР ҚК 190-бабының 3-бөлімінде қарастырылған қылмыстарды (ірі көлемдегі алаяқтық) жасаған деген күдікпен сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. 2016 жылдың 25 наурызында да сот санкциясымен құқық қорғау органдары «Інжілдік Сенім Христиандарының «Жаңа өмір» Шіркеуі» діни бірлестігінде әрі шіркеу басшыларының тұратын үйлерінде тінту жүргізді. Нәтижесінде қаржылық-экономикалық қызметке байланысты біршама құжат табылды. Олар арнайы сараптамаға жіберілді. Сондай-ақ, тіркелмеген қару-жарақ пен оқ-дәрі табылған. Полицияның хабарлауынша, аталған іс әлеуметтік желіде аз шу туғызып отырған жоқ. Кейбір пайдаланушылар тінту кезінде діни бірлестіктің қайырымдылыққа сақталған қаржысы мен діни әдебиеті тәркіленді деген ақпарат таратуда. Қалалық ІІД ҚР ҚК 274-бабына сәйкес қасақана жалған ақпарат таратқан адам қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертеді. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.

0 пікір
Мұрағат