Әбу-Дабиде «World Future Energy Summit 2015» өз жұмысын бастады
|
Baq.kz ақпарат көзінің хабарына қарағанда, қаңтар айының 20-ы күні басталған Астана ЭКСПО-2017 Дүниежүзiлiк болашақ энергиясы саммитiне қатысуда.
Қаңтардың 19-ы күні Бiрiккен Араб әмiрлiктерiнiң астанасы Әбу-Дабиде «World Future Energy Summit 2015» (WFES) Дүниежүзiлiк болашақ энергиясы саммитi өз жұмысын бастады.
Қаңтардың 22-не дейiн созылатын Саммиттiң басты тақырыбы ең заманауи технологияларға және қолдағы мүмкiндiктердi тиiмдi пайдалануға негiзделе отырып, болашақ энергиясын қалыптастыру бойынша бiрлескен шешiмдердi әзiрлеу болмақ. Сондай-ақ, саммитке қатысушылар баламалы энергетиканы дамыту мәселелерiн талқылайтын болады.
Қазақстан да Дүниежүзiлiк болашақ энергиясы саммитiнiң жұмысына қатысып отыр. Абу-Дабиге "Астана ЭКСПО-2017" ҰҚ" АҚ делегациясы келдi. Ол болашақтың таза экологиялық технологияларын дамытумен айналысатын MASDAR компаниясының басшылығымен, Қайта қалпына келетiн энергия көздерi жөнiндегi IRENA халықаралық агенттiгiнiң басшылығымен және БАӘ медиа-кеңесiмен екiжақты кездесулер өткiзедi.
Ұлттық компанияның Халықаралық қатынастар департаментiнiң бас менеджерi Сайран Байжаханов ең соңғы әлемдiк энергетикалық трендтермен және энергетика саласындағы ең жарқын деген инновациялық жобалармен танысу мүмкiндiгi Дүниежүзiлiк болашақ энергиясы саммитiне қатысудың сөзсiз артықшылықтарының бiрi болып табылатындығын айтып ««World Future Energy Summit-қа қатысу және көрмеге бару бiздiң жұмысымыздағы басты кезеңдердiң бiрi болып табылады. Бiз баламалы энергетика саласында жемiстi диалог құрып, қызықты жаңа жобалармен танысамыз деп үмiттенемiз. Дүниежүзiлiк саммиттiң тақырыбы бiздiң ЭКСПО-2017 көрмесiнiң тақырыбымен үндеседi. Бүгiн Абу-Дабидегi көрмеде бiздiң әлеуеттi серiктестерiмiз, қайта қалпына келетiн және баламалы энергия көздерi саласындағы өз жобаларын таныстырып жатқан қатысушылар бар. Бұл оларды 2017 жылғы көрмеге шақыруға арналған жақсы алаң» деп атап өттi.
Естерiңiзге сала кетейiк, Қазақстан Бiрiккен Араб Әмiрлiктерiнiң ЭКСПО-2017 көрмесiне қатысатыны туралы растауды алды. Келiссөздер барысында Дубайдағы ЭКСПО-2020 және Астанадағы ЭКСПО-2017 өкiлдерi 2017 жылы көрмеге қатысу мәселелерiн талқылады. Сондай-ақ, оған Қайта қалпына келетiн энергия көздерi жөнiндегi IRENA халықаралық агенттiгi қатысады деп күтiлуде. БАӘ Астанада үлкен павильонды алмақ, оның бiр бөлiгi Масдар институтының (Абу-Даби) жобаларынан тұратын болады.
Өткiзiлген келiссөздердiң қорытындысы бойынша БАӘ Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесiне қатысуға үлкен қызығушылық танытып отырғанын атап өтуге болады.
- ЭКСПО-2017 көрмесi Бiрiккен Әмiрлiктер үшiн "жасыл энергетика" саласындағы өз жетiстiктерiмен таныстыру үшiн жақсы мүмкiндiкке айналуы мүмкiн. Бұл жобалар ары қарайғы уақытта Дубайдағы ЭКСПО-2020 көрмесiне қарай аяқтап бiтiрiлетiн болады, - дедi С. Байжаханов.
Дүниежүзiлiк болашақ энергиясы саммитi Абу-Дабидiң ADNEC Халықаралық көрме орталығында өтуде. Iс-шараның ашылу салтанатына БАӘ вице-президентi, Дубай әмiрлiгiнiң әмiршiсi шейх Мохаммед бин Рашид Аль Мактум, БАӘ жоғарғы бас қолбасшысының орынбасары, Абу-Дабидiң мұрагер ханзадасы шейх Мохаммед бин Зайед Аль Нахайян және Египет президентi Абдель Фаттах Аль Сиси қатысты. Саммит өтетiн күндерi БАӘ астанасында техникалық негiзi жағынан ең озық деген күн-жел электр стансалары, жылжымалы күн энергетикалық кешендерi, сондай-ақ, толқын энергиясын пайдалануға арналған теңiз турбиналары таныстырылатын болады.
Iс-шара шеңберiнде конференциялар топтамасын, оның iшiнде Су қорлары жөнiндегi халықаралық саммиттi (International Water Summit - IWS) және Қалдықтарды кәдеге жарату технологиялары көрмесiн (EcoWASTE) өткiзу жоспарланып отыр.