Суперэнергия – су жаңа жоба
|
Күндегі температурадан бес есе артық қыздыруды талап ететін ерекше ядролық жоба қолға алынады.
Ресей Федерациясы аумағында 2030 жылға қарай торимен жұмыс істейтін гибридтік реактор құрылысы басталуы мүмкін. Бұл жайында Ресей ғылым академиясының академигі, «Курчатов институтының» құрметті президенті Евгений Велихов мәлім етті. «Біз бүгінгі геосаяси кедергілерді еңсерілетін болса, Ресей де, ITER (International Thermonuclear Experimental Reactor, Халықаралық термоядеролық экспериментті реактор) жобасына атсалысқан әрбір әріптес те шамамен 2030–2035 жылдары ядролық отын өндірісі бойынша гибридтік реактор негізінде көрнекі зауыт сала алатынына сенім артып отырмыз»,- деп топшылады ғалым. Оның айтуынша, «бұған ең қолайлы алаң – әлемдегі ең негізгі ядролық отынмен жабдықтаушы ретінде Ресей болар еді»,- деді артынша. «Біз әлемнің барлық түкпіріндегі әріптестермен бірігіп жұмыс істеуге дайынбыз. Егер қандай да бір себептермен мұны орындай алмасақ, біз өзіміз шамамен жүзге тарта отандық ұйымдармен гибридті термоядролық реакторды әзірлей алатын боламыз»,- деді сөзін сабақтап. Академиктің айтуынша, гибридтік реактор термоядролық және ядролық энергетика комбинациясынан тұрады. Мұндай қондырғыны жасауды атақты ғалым Игор Курчатов кезінде ұсынған еді. 1951 жылы Сталинге жазған хатында «Жердегі барлық энергия (шамамен 98 пайызы) үш элементтен табылады: уран, тори және өзара алмастырылатын дейтери мен лити. Ал қалғаны, екі пайыздайы мұнайда, газда, көмірде»,- деп атап өткен екен. «Міне, гибридтік реактор уранмен емес, ураннан арзан ғана емес, сонымен бірге, планетадағы қоры бес есе көп торимен жұмыс істей алар еді. Бұған қоса, бұл реактор аса жоғары температураны және қысымды қажет етпейді, энергия беруде өте тиімді, оның жұмысы ондаған және жүз мыңдаған жылдар бойы тас бекітіп көміп тастауды қажет ететін жоғары радиоактивті қалдықтарды аз бөледі»,- деді ғалым. ITER құрылысы францияның оңтүстігінде, дәлірегі, Марсел қаласынан 60 шақырым қашық жатқан Кадараш зерттеу орталығында 2006 жылдан бері қолға алынған. Мамандар әдеттегі энергетикаға қарағанда бұл технологияның қауіпсіздігін, экологиялық зиянсыздығын, арзандығын алға тартып отыр. ITER реакторы сутегі, дейтерия және трития изотоптарының қосылунан гелия мен жоғары энергетикалық нейтрон түзілетін термоядролық реакция негізінде жұмыс істейді. Ол үшін дейтери мен трити қосындысы күндегі температурадан бес есе асып түсетін жүз миллион градустан аса температураға дейін қыздырылуы қажет.