Өсімдіктің өзгеше, жаңа түрі табылды
Өсімдіктің өзгеше, жаңа түрі табылды
4 жыл бұрын 3855 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Биологтер Алпі тауының Швейцария аймағындағы жайылымдық жерден өсімдіктің жаңа түрін тапты. Ол соңғы 150 жылда пайда болған – таулы өңір жайылымдық жерге айналдырылғаннан кейін. Әдетте эволюцияның жаңа түрінің пайда болуына мыңдаған жыл кетеді. Алайда, Алпінің шалғынды белінде өсетін кресс-салаттың пайда болғанына бар-жоғы 150 жыл ғана өткен. Ол орман-тоғай жайылымдық ерге айналдырылғаннан кейін пайда болды. Cardamine insueta деп аталатын осынау өсімдіктің жаңа түрі 1972 жылы алғаш рет сипатталып, хатқа түсірілген болатын. Дәмі кермек өсімдік Швейцарияның шағын ауылдық жерінде – Урнербоденде пайда болғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Ол жергілікті халық орманды жайылымға айналдырғаннан кейін қоршаған ортадағы экологиялық өзгерістерден тез дамып жетілді. Cardamine insueta тіршілік ету ортасы өзгеше екі ата-аналық түрден тараған: Cardamine amara өзендер мен өзен жағасында өссе, C. Rivularis ылғалы аздау жерде өседі. Орман-тоғайды жайылымға айналдыру салдарынан аталған екі түр будандасқан болып шықты. Нәтижесінде су деңгейі қатты ауытқитын жерде өсетін жаңа түр пайда болды. Аталған өсімдіктің қоршаған ортадағы климаттық өзгерістерге қалай жауап қататынын білу үшін ғалымдар секвенирлеу (ДНҚ-ны тізбектеу) әдісінің көмегімен сараптама жүргізіп көрген екен. Биологтер анықтағандай, ата-аналар белгісіне жауапты гендердің белсенділігі жаңа қоршаған ортада өсіп-өнуіне мүмкіндік береді. Біріншіден, C. insueta өзін жапырағы арқылы клондауы мүмкін – ол жаңа өсімдік өсуі мүмкін жапырақтың беткі жағынан өніп-өсуді ынталандырады. Вегетативтік (жыныссыз) өсіп-өну қабілетін C. Rivularis түрінен алғанын айта кету керек. Қорыта айтқанда, аталмыш өсімдік екі ата-анасынан алған гендерді экологиялық жағдайға қарай белсендіріп отырады.

0 пікір
Мұрағат