“Ойды сипаттау” технологиясы пайда болды
“Ойды сипаттау” технологиясы пайда болды
6 күн бұрын 386 Материалды көшіріп басқанда islam.kz сайтына гиперсілтеме берілуі міндетті

Жапон ғалымдары миды визуалдау әдісінің және жасанды зерде көмегімен адам санасында пайда болған және ауыздан шыққан сөздегі  бейнелерді қалыптастыратын“ойды сипаттау”технологиясын ойлап тапты. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде Science Advances мерзімді басылымына жөн сілтеген Anadolu Ajansı ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Жапониядағы Nippon Telegraph and Telephone телекоммуникациялық компаниясының Коммуникациялық ғылымдар зертханасында жұмыс істейтін Томоясу Хорикава есімді ғалым 22-37 жас аралығындағы 6 адамға бұл тарапта тәжірибе жүргізді: олардың барлығының ана тілі - жапон тілі екенін жақша ішінде айта кетпекпіз; олар арқылы менталды (яғни, ойдағы) бейнелерді жазбаша сипаттау, яғни, қағазға түсіру процесін зерттеді. Тәжірибе барысында оларға заттардан бастап табиғат көріністеріне дейін, адамдардың қозғалысынан бастап күнделікті іс-әрекеттерге дейін түрлі мазмұндағы 2180 бейнеролик көрсетілді. Тәжірибеге қатысушылардың ми белсенділігі қысқа бейнероликтерді көру кезінде функционалдық магниттік-резонанстық томографтың (фМРТ) көмегімен жазылды. Бейнероликтердің мазмұнын сипаттайтын мәтіндер алдымен үлкен тілдік үлгілердің көмегімен сандық тізбектерге өзгертілді, содан кейін жасанды зерденің қарапайым үлгілері бейнероликтерді көру кезінде тіркелген ми белсенділігімен осы сандық тізбектерді салыстыруға үйретілді. Тәжірибе аясында олардың санасында бейнені көру немесе қаралған нәрсені еске түсіру кезінде пайда болған бейнелерді сөйлемге айналдырған технологияны «ойлардың сипаттамасы» деп атады. Ғалымның айтуынша, бұл жаңа тәсіл тей бейнелерді қалыптастырып қоймай, сонымен қатар, мидың визуалды ақпаратты қалай өңдейтінін талдай отырып, қандай да бір бұйымды, мекендерді, әрекеттерді, оқиғаларды және олардың арасындағы өзара байланысты сипаттайтын толық мәтіндерді қалыптастыра алады. Томоясу Хорикава бұл техниканың  нейродегенеративті аурулардың салдарынан сөйлеу қабілетін жоғалтқан адамдарға қарым-қатынас жасауға, сұхбаттасуға көмектесетінін атап өтті.

0 пікір
Мұрағат