Медицинадағы бас айналдырар жетістік: жүрек жеткіліксіздігі, сусамыр, Паркинсон және өзге де қауіпті ауруларды емдейтін «супер діңгекті жасушалар" пайда болды
|

Копенгаген университетінің ғалымдары діңгекті жасушалардың «мәзірін» өзгерту арқылы оны әлдеқайда күшті, сау және әмбебап жасушаға айналдырудың жолын тапты. Бұл жайында islam.kz порталы bgr.com ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Жасуша өсірілетін ортадағы глюкозаны галактозға алмастыру арқылы барлық жағынан кәдімгі жасушадан артықшылығы көп «супер діңгекті жасушалар» әзірлеуге қол жеткізген. Бұл шағын өзгеріс (глюкозаны галактозға алмастыру) немесе қоректендірудің өзгеше тәсіл жасушаларды басқа энергетикалық жолды іздеуге мәжбүрлеген. Яғни, бұл арада жасушалар тотығу фосфорилизациясын пайдаланған. Нәтижесінде діңгекті жасушалар «қайта жүктеу» процесінен өткендей әлдеқайда сау, жас, әлдеқайда икемді бола түскен. Дәлірегі, мұндай жасушалар бауырдың, жүйкенің немесе терінің жасушаларына оңай айнала алады. Бұдан бөлек, ұзақ уақыт сау күйін сақтайды, қасиетін көпке дейін жоғалтпайды. Яғни, қызмет ету мерзімі ұзарған. Бұған қоса, жасуша ішінде де таңғаларлық өзгерістер орын алған: жаңа «мәзір» (галактоза) жастық шақпен байланысты ақуыздарды белсендіріп, генетикалық ақпаратты жақсы өңдейтін болған. Осылайша жасушалар тек ұзақ уақыт қызмет етіп қана қоймай, сонымен қатар, өз функциясын мейлінше дәл әрі тиімді атқарған. Бүйрек ақауынан бастап, жүрек жеткіліксіздігіне дейінгі көптеген емі қиын ауруларды еңсеруге көмектеседі. Әсіресе, белсіздік пен бедеулікті емдеуде көп көмегін тигізбек: супер жасушалар ұрықтың ерте жетілуіне аса қажетті құрылымды қалыптастыра алады. Организмнің қартаю процесін тежейді немесе баяулатады. Осылайша регенеретивті медицинада бұрын-соңды болмаған үлкен жетістік орын алған.




