|
Катарактаны ерітетін көз тамшылары пайда болды
|
Израильде катарактаны көз ішіндегі бұлдыр тұманнан арылтатын көзге арналған тамшылар жасалды. Енді операция қажет емес!
Катаракта — әлем бойынша ондаған миллион адамның көруіне кедергі келтіретін сырқат.
Бүгінге дейін оны емдеудің жалғыз жолы — лазер немесе хирургиялық құрал арқылы көздің бұлдырауына себеп болатын ақуыз тұнбасын алып тастау, кейде тіпті көздің табиғи линзасын (хрусталикті) жасандысымен алмастыру.
Алайда, жақында ғалымдар мен офтальмологтар иттерге сынақ жүргізіп, катарактаны көздің өз ішінде еріте алатын арнайы стероид негізіндегі көз тамшыларын сынақтан өткізді.
Ғалымдар катарактаның нақты қалай пайда болатынын толық түсінбегенімен, науқас көзімен байқалатын «тұманның» шын мәнінде жабысқан, шоғырланған ақуыз бөлшектері екенін біледі. Қалыпты жағдайда бұл ақуыздар — кристаллиндер — көз линзасының құрылымы мен мөлдірлігін сақтауға көмектеседі.
Адам не жануар жасына қарай бұл кристаллиндер әлсіреп, қызметін жоғалта бастайды. Уақыт өте келе олар бірігіп, көздің «буланған әйнек» тәрізді көрінуіне себеп болатын тосқауыл қалыптастырады — бұл катаракта белгілері.
Хирургиялық емес әдісті табу оңай болмады. Ғалымдар жылдар бойы кристаллин ақуыздарындағы мутацияларды зерттеп, альтернативті терапияға жол ашатын жаңа идеяларды іздеді.
Калифорния университетінің (Сан-Диего) молекулалық биология маманы Лин Чжао бастаған топ ақыры шешім тапқандай болды. Олар тұқым қуалайтын катаракта диагнозы қойылған балаларда ланостерол деген маңызды стероидтың түзілуін тоқтататын мутация бар екенін анықтады. Ал ата-анасында мұндай мутация болмаған, сәйкесінше, олардың ағзасы ланостерол бөліп, катаракта дамымаған.
Сол себепті зерттеушілер мынадай сұрақ қойды: ланостерол катарактаның алдын алуға көмектесе ала ма?
Үш түрлі эксперимент арқылы олар ланостерол ерітіндісінің әсерін зерттеді. Алдымен адам көзінің линзасындағы жасушалармен жұмыс істеп, ондағы ланостерол деңгейін төмендетіп, катаракта белгілерін байқады. Содан кейін сол жасушаларға ланостерол бергенде, катаракта айтарлықтай азайғаны анықталды.
Келесі кезекте катарактамен ауыратын қояндарға тәжірибе жүргізілді. Алты күндік сынақтан кейін 13 қоянның 11-інде катаракта әлсіреген немесе мүлде жоғалған.
Ақырында зерттеу катарактасы табиғи жолмен дамыған жеті итпен жалғасты. Ғалымдар бұл ерітіндіні инъекция және көз тамшысы түрінде енгізіп, ит көзінің линзаларында да катарактаның ерігенін байқады. Бұл – қоян мен адам көзіндегі реакцияға ұқсас нәтиже болды.
Нәтиже көзге көрінетіндей әсерлі болды — катарактаның айтарлықтай азайғанын жай көзбен-ақ байқауға болатын. Дегенмен, ланостерол ақуыз массасын нақты қалай ерітетіні әзірге белгісіз.
Зерттеу авторлары бұл тамшылардың жақын болашақта катарактаны толық емдеуге мүмкіндік беретініне сенімді. Тамшыларды үй жағдайында қолдануға болады, осылайша операцияға деген қажеттілік жойылады.
Өмір Шыныбекұлы
Мұрағат
Көп оқылғандар
■
Түркі елінде электронды шылым шеккендерге қылмыстық жауапкершілік қарастыратын тыйым салынды
■
Жаратылыстың кездейсоқ жаратылмағандығы туралы гипотеза математикалық дәлелін тапты
■
Таяу Шығыс аймағынан алтынның ірі кеніші табылды
■
Ғалымдар сегізаяқты жасыруға көмектесетін қабілетті қайталауға мүмкіндік беретін пигментті өндірудің жолын тапты
■
Араб елінде алтын құймаларына арналған банкомат пайда болды