Жасушалар өз-өзін «емдеп» қалпына келе алатын болып шықты
Жасушалар өз-өзін «емдеп» қалпына келе алатын болып шықты
3 жыл бұрын 4459 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Биологтер жасушалардан механикалық зақым алғаннан кейін қалпына келуіне көмектесетін тетікті тапты. Ғалымдар тарихта мұндай мәлімдемені тұңғыш рет жасап отыр. Бұл жайында islam.kz ақпарат көзі шетелдік ғылыми, мерзімді басылымдарға сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Нақтырақ әрі тарқатып айтқанда, жасушаларға ұдайы механикалық салмақ түседі, осыған байланысты олардың цитоқаңқасы зақымдалып жатады. Қалпына келтіретін жүйесі болмағанда осынау тірі құрылымдардың өмірі ұзаққа бармас еді. Жоғарыда айтқанымыздай, жасушалар түрлі механикалық салмаққа төтеп беруге тура келеді – олар созылады, қысылады, кедергілерге соғылады, бір-бірімен қақтығысады. Бұл өз кезегінде жасушалардың зақым алуына әкеп соқтырады. Десе де әр зақымдалған сайын қалпына келе алатын қабілетінің арқасында жойылып кетуден аман қалады. Чикаго университетінің биологтері олардың қалай қалпына келетінін анықтады. Бұл бағытта зерттеу жүргізген ғалымдар адам жасушаларының актиндік цитоқаңқасын зерделеп көрген екен. Аталмыш құрылым жасуша ішінде орналасқан, ол актин ақуызынан тұрады. Цитоқаңқа жасушаларға сыртқы әсерге қарсы тұруына, яғни, төтеп беруіне көмектеседі. Бұрынғы зерттеуде биологтер актинді цитоқаңқа жанынан зиксин ақуызын байқаған болатын. Алайда, оның қандай функция атқаратыны белгісіз болып келген еді. Ғалымдар көз жеткізгендей, жануарлардағы жасушалар, соның ішінде зиксин мен жасушалы ашытқы паксиллин ақуызы актиндік цитоқаңқадағы күш түскен аймақты тауып алуға қабілетті болып шықты. Ғалымдар механикалық салмақ түскен жасушадан зиксин мен паксиллинннің зақымдалған аймаққа ойысып, «жамау» жасағанын, яғни, «емдеу шараларын» жүргізетінін байқады. Мұндай тетік ашытқыда да, сүт қоректілерде де бар.

0 пікір
Мұрағат