Жаңа вирус адамнан адамға тікелей жұғатын болып шықты – Чапаре вирусы туралы
Жаңа вирус адамнан адамға тікелей жұғатын болып шықты – Чапаре вирусы туралы
4 жыл бұрын 3043 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Геморрагиялық қызба, яғни, безгек тудыратын Чапаре деген атпен танылған Чапаре вирусы ұқсас патогендерге қарағанда адамнан адамға тікелей берілетін қабілетке ие болып шықты.Бұл жайында islam.kz ақпарат көзі шетелдік мерзімді басылымдарға сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Аталмыш вирус пен оның сипаты жайында ең алғаш рет 2004 жылы жазылды. Алайда, соңғы уақытта Боливияда бұл індетті жұқтырғандар қарасы күрт артып келеді. Чапаре деген атау вирус маңынан табылған жергілікті өзеннің атынан алынған. Патогенді Ласса безгегі секілді өлім қатері жоғары тропикалық ауруларды тудыратын, РНҚ-ны қамтитын аренавирустар әулетіне жатқызып отыр. Белгілі болғандай, бұл вирустар кеміргіштерден жұғады. Дәлірегі, кеміргіштердің тісі тиген, тілінен немесе ауыз қуысынан бөлінген сөлден я болмаса нәжісінен ластанған шаң-тозаңнан адамға беріледі. Ал біз сөз етіп отырған Чапаре вирусы «туыс вирустарға» қарағанда адамнан адамға тікелей жұғатын болып шықты. Бұл дерек Тропикалық медицина және гигиена жөніндегі америкалық қауымдастықтың (ASTMH)  алқалы жиынында келтірілді. Бұл вирус 2004 жылы алғаш рет бірнеше адамның бойынан табылған болатын. Олардың біреуі осы індеттен бақилық болған еді. Симптомдары, яғни, дерт белгілері геморрагиялық қызба белгілеріне ұқсас: бас ауруы, жоғары дене қызуы, буынның сырқырауы, лоқсу, іштен қан кету. Чапаре вирусы өткен жылы тағы бой көтерді – жергілікті фермердің бойынан табылды. Науқасқа қараған үш дәрігер де аталған вирусты жұқтырып алды. Олардың екеуі көз жұмған болатын. Чапаре вирусының бір бөлігі жұқтырған сәтінен 160 күн өткен соң аман қалған дәрігердің биологиялық сұйықтығынан табылған. Ғалымдардың пайымдауынша, жаңа вирус ауа тамшыларымен емес, адам бойынан бөлінген сұйықтық арқылы адамнан адамға тікелей жұғады. Яғни, байбалам салудың қажеті жоқ. Тек сақтық шаралары жетіп жатыр.

0 пікір
Мұрағат