|
Іштен жарып алу баланың миына кері әсер етеді
|
Баланы іштен жарып алу (Кесарево сечение) шарананың миына кері әсер етеді. Канадалық ғалымдардың тұжырымы осындай. Нақтырақ айтқанда, олар осындай жолмен дүние есігін ашқан баланың бір нәрсеге (ол бейне болсын, мейлі құбылыс болсын, мейлі дыбыс болсын, т.б.) назар аударып, оның мән-мағынасын айқындай алатын қабілетін төмендететінін алға тартып отыр. Канадалық ғалымдар үш айлық нәрестелерге тәжірибе жүргізіп көрген. Олардың бір бөлігі табиғи жолмен, ал енді бір бөлігі әлгіндей жолмен дүниеге келгендер. Daily Mail ақпарат көзінің хабарына қарағанда, зерттеушілер ең алдымен олардың көз қарашығының қалай қозғалатынына назар аударған – олардың назарын қандай визуалды бейне аударатынын қадағалаған. Содан кейін олардың назарын өзіне көбірек аударған бейнелерді монитордың оң немесе сол жағынан кезек көрсеткен. Нәрестенің көз қарашығының қозғалыс жылдамдығына қарап, экранның қай бөлігінен кезекті картинканы күтетінін қадағалаған. Сонымен, ғалымдар іштен жарып алынған баланың көз қарашығының баяу қозғалатынын аңдаған. Аталмыш зерттеуді жүргізу туралы бастама көтеріп, соны іске асырған Скотт Адлер осындай тұжырымға келіп, жаңалығымен бөлісті. Айта кетейік, жылдан жылға босанудан қорқып, іштен жарып алу әдісін таңдайтындардың қарасы көбейіп келеді. Бұл өз кезегінде баланың демікпемен ауыру, 1 типтегі сусамыр дертіне шалдығу және семіру қатерін арттырады. Ғалымдардың пікіріне құлақ түрсек, бұл босану кезінде анасының бойынан алатын, аталған аурулардан қорғайтын бактериялардың іштен жарып алу кезінде жоғалып кетуімен байланысты көрінеді.