Инсектицидтің жәндіктерге әсері қандай
Инсектицидтің жәндіктерге әсері қандай
4 жыл бұрын 4403 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Бұл бағытта арнайы жүргізілген зерттеу жұмыстары кезінде инсектицидтің аз мөлшерінің өзі жәндіктердің жүйке және иммундық жүйесіне, зат алмасу (метаболизміне) процесіне кері әсерін тигізетіні анықталды. Бұл жайында islam.kz ақпарат көзі шетелдік мерзімді басылымдарға сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Инсектицид тек ауыл шаруашылығына зиянкес жәндіктерге ғана емес, сонымен қатар, адамзатқа аса пайдалы ара секілді жәндіктерге де залалын тигізетін болып шықты. Proceedings of the National Academy of Sciences мерзімді басылымында жарияланған аталмыш зерттеу нәтижесі көрсеткендей, инсектицидтің ең кеңінен қолданылатын  имидаклопридтің (4,5-дигидро-N-нитро-1-[(6-хлор-3-пиридил)-метил]-имидазолидин-2-илен-амин), С9Н10СlN5O2) ең аз мөлшерінің өзі нейродегенерация тудырып, жәндіктер организімінің өмірлік аса маңызды функцияларын бұзады. Мельбурн университеті мен Бейлор медициналық колледжінің ғалымдары бұл тарапта Drosophila melanogaster шыбынына тәжірибе жүргізіліп көрген екен. Аталған жоғарғы оқу орны ғалымдарының айтуынша, жәндіктердің жаппай қырылып, жойылып бара жатқанына инсектицидтерді шектен тыс қолдану да өз әсерін тигізіп отыр. Бұған дәлел ретінде өздерінің осы зерттеу нәтижесін алға тартып отыр. «Біздің зерттеуіміз тек бір ғана инсектицидпен жүргізілді, бұдан бөлек басқа да дәрілердің қышқылдану стресін тудырып, осыған ұқсас салдарға ұрындыратынына қатысты айғақ та бар»,- деп мәлімдеді Мельбурн университеті жанындағы Биологиялық ғылым мектебінің профессоры Филип Баттерхэм. Имидаклопридті бал арасына зияны шаш-етектен болғандықтын Еуропалық одақтың ауыл шаруашылығында пайдалануға қатаң тыйым салынған. Ол жәндіктің орталық жүйке жүйесін зақымдап рецепторларды белсендіреді, бұл өз кезегінде жәндікті сал қылып тастайды, артынан жәндік аштан өледі. Әдетте егістік алқабында бір миллионға шаққанда 2800 бөлігіне дейінгі инсектицид концентрациясы пайдаланылады. Зертханада жүргізілген тәжірибе барысында миллионға шаққанда оның 2,5 бөлігінің өзі шыбынның қозғалу мүмкіндігін екі сағаттың ішінде 50%-ға дейін төмендеткені белгілі болды. «Бұл инсектицидтің миға қалай әсер ететінін көрсетіп берді. Мида оттегінің белсенді түрінің немесе еркін радикалдардың орасан көп мөлшерде жиналуынан өзге тіндер де зардап шегетін болады»,- деді осынау зерттеуге атсалысқан ғалымдардың бірі - Фелипе Мартелли. Миллионға шаққанда 4 бөлігінің өзінен ұлкен шыбынның өзі 25 күн ішінде бағдарынан жаңылып, соңында соқыр болып қалған еді.

0 пікір
Мұрағат