Индивиттік медицина инновациясы: персоналдық дәрімен емдеуге көшеді
|
Ресей Федерациясының дәрі-дәрмек өндірушілері ендігі жерде шетелдік технологияның көмегімен және персоналдық дәрі-дәрмекті әзірлеуде жинақталған тәжірибеге сүйеніп, нақты бір науқастар үшін өз өнімдерін ұсынатын болады. Бұл жайында «Известия» ақпарат көзі РФ Мемлекеттік дәрі-дәрмек институтының дерегіне сілтеме жасай отырып, хабар таратты. Фармацевтика саласындағы мамандардың халықаралық қауымдастығының бөлімшесі РФ аумағында ашылатын болады әрі бұл саладағы өз тәжірибесімен бөліседі. Аталған елдің денсаулық сақтау министрлігі сырқат жанның кеселінің ерекшелігін ескере отырып жасалатын дәрі-дәрмектің емдеу ісінде тиімділігіне ден қойып отыр. Әсіресе, ісік, яғни, онкологиялық және аутоиммундық дертке шалдыққандарға көп көмегі тиетініне сенімді. РФ қазіргі уақытта индивиттік медицина табалдырығынан аттағалы тұрған ел. Персоналды отандық дәрі-дәрмекті жасауға бұл елде әлемнің 90 мемлекетінен фармацевтика мамандары жұмылдырылатын болады. Осы жаңашылдыққа қатысты «Биокад» деп аталатын жабық акционерлік қоғамы директорларының төрағасы Дмитрий Морозовтың айтуынша, персоналдық дәрі-дәрмек өндіру жасуша технологиясы негізінде жүзеге асырылады.