Ғалымдар ақпаратты жеткізу жылдамдығын лазердің көмегімен 10 мың есеге арттырды
Ғалымдар ақпаратты жеткізу жылдамдығын лазердің көмегімен 10 мың есеге арттырды
4 жыл бұрын 2398 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Кореялық ғалымдар ақпаратты жеткізу жылдамдығын 10 мың есе арттыруға мүмкіндік беретін импулстік лазер ойлап тапты. Бұл жайында islam.kz порталы ACS Nano ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Импулстік лазер қас қаққанша жарықты аулай алады. Оның артықшылығы сонда – қарқындылығы барлық уақытта бір қалыптан танбайтын, ұдайы жұмыс істейтін лазерге қарағанда импулстік лазер бір мезетте молынан энергияны «қармай» алады. Егер цифрлы сигнал импулстік лазерге жүктелер болса, әрбір импулс мәліметтердің бір бит мөлшерін кодтай алады. Бұл тарапта қайталану жиілігі неғұрлым жоғары болса, соғұрлым мол дерек лазердің көмегімен беріледі. Алайда, негізін оптикалық талшық құрайтын кәдімгі лазердің мүмкіндігі шектеулі - секундына импулс санын МГц деңгейінен арттыра алмайды. Кореяның ғылым және технология институты мәлімдегендей, Оптикалық-электрондық материалдар мен құралдар орталығындағы ғылыми қызметкерлер қолданыстағы аналогына қарағанда жылдамдығы кем дегенде 10 мың есе жоғары лазерлік импулсты жасай алған. Корей ғалымдары бұған қалай жеткізді? Олар оптикалық-талшықты, импулсты лазерлік генераторда графенді қамтитын қосымшы резонатор орналастыру арқылы қол жеткізе алған. Осылайша деректерді берудің (жеткізудің немесе «тасымалдаудың») осынау тың әдісін қолдана отырып, мәліметтерді берудің әрі өңдеудің жылдамдығын арттырған екен. Ғалымдардың сөзіне қарағанда лазерлік сәуленің қарқындылығы мен толқын ұзығдығы бір-бірін түзетіп, сәт сайын өзгеріп отырады. Егер лазерлік генераторға резонатор орнатылса, онда лазерлік толқын ұзындығы мезет сайын сүзгіден өтіп, лазер қарқындылығының өзгеру схемасын өзгертіп отырады. Осы зерттеуге арқа сүйеген ғалымдар, дәлірегі, бас ғылыми қызметкер Сонг әлсіз жарықты сіңіре алатын әрі жоя алатын, сондай-ақ, резонаторға аса қуатты жарықты ғана жіберіп, қарқындылықты арттыра алатын белгілі бір сипатқа ие графенді синтездеген екен. Осылайша ғалымдар 57,8 ГГц деңгейінде қайталанатын жиілікке қол жеткізді – қайталану жиілігі тұрғысынан импулстық лазердің шектеулі мүмкіндігін арттыра алды. Бұл айтылғандардан бөлек, лазерді сіңіру барысында жылу бөлетін графеннің бұл ерекшелігі графендік резонатордың сипаттарын баптауға пайдаланды.

0 пікір
Мұрағат