Астанада өндірілетін тіс кариесін пломбасыз емдеу, тісжегісінен зардап шеккен, ойылған тістерді бұрғылаусыз емдеу мақсатында қолданылатын сұйықтық InnoDent-ті қазақстандық және шетелдік 200-ге жуық тіс емханалары қолданады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Енді тіс ауруынан табиғи жолмен құтылуға болады (фото)
|
«Тіс ойылған кезде немесе тіс ауырған кезде бірден дәрі қабылдап, болмаса пломба қоюудың енді керегі болмайды. Себебі біз ұсынып отырған өнім ойылған тісті қалпына келтіріп, тіс эмалін бекіте түседі. Қазіргі күнде бұл дәрі Ресейдің, Украинаның және өз еліміздің дәріханаларынан сынақтан өтті. Қазіргі уақытта 200-ге жуық тіс емханаларында қолданыста жүр» - дейді дәріні ойлап тапқан қазақстандық жас ғалым Бауыржан Айтуов.
Тәттіні көп жегеннен немесе жас егделеген кезде және қазіргі кездегі түрлі тағамдардың әсерінен тістің сезімталдығы – суыққа, ыстыққа және тәттіге төзбеушілігі жиі кездеседі. InnoDent сондай әсерлерді де басуға қабілетті.
«Негізінен бұл дәріні 1,5 жастан жоғарғы барлық адам пайдалана алады. Дегенмен жас ерекшелігіне орай әр дәрінің өз қосындысы, күші, әсер ету ерекшелігі де ескерілген. Осы орайда айта кетерлік бір жағдай, қазіргі қолданыста жүрген дәрілеріміз тек тіс дәрігерлерінің көмегімен, солардың нұсқауымен ғана қолданылады. Шағын құтыда ұнтақ түрінде дайындалған дәріні арнайы суға ертіп, соны ауырып тұрған немесе сезімталдығы артқан тіске тамызасыз, 5 минут өткен соң тамақтана беруге болады» - дейді жас ғалым.
Бұған дейін еліміздің барлық өңірлерінде және Ресей мен Украинаға экспортталып келген өнімді енді Еуропаға тарату жоспарда бар. Ол үшін...
«Халықаралық дәрежедегі патент алу керек. Бір жылдан асты халықаралық деңгейге шығатын патент ала алмай келеміз. Егер патентіміз қолға тисе Ұлыбританияға шығара бастайтын боламыз. Себебі онда бізбен бірге жұмыс істеген ғалымдар бар. Содан кейін Еуропа нарығына шығару жоспарда бар» - дейді «Болашақ» арқылы Нью-Йорк университетінен білім алған жас маман.
Басқа дәрілерден артықшылығы тісті табиғи жолмен жетілтетін дәрінің құрамы тек қана ақуыздан жасалған.
«Мысалы 8-9 ай болған нәрестенің қызылиегіне шығатын тіс бар ғой. Соны өсіретін арнайы ақуыз бар, біз сол ақуызды алып, соны өңдеуден өткізіп, пайдаланып отырмыз. Бір тісті емдеу құны 5000 теңге. Біз қазір тіс емханаларымен келісіп, солар арқылы ғана сатып отырмыз. Бірақ үй жағдайында қолданыу әзірге қиындау. Себебі жаңа шыққан дәрі болғандықтан мамандардың түсіндіруі керек» - дейді Бауыржан Айтуов.
InnoDentті өндіруге мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп отыр. «Бәйтерек» ҰБХ қарасты Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттіктің қаржыландыруымен іске асып келеді.
«InnoDentті өндіруге Ұлттық агенттік инновациялық жобаларды қолдау бойынша көмек көрсеткен. Бүгінгі таңға дейін 40 млн-нан астам қаржы бөлінді. Бұл қаржыға InnoDent компаниясы арнайы жабдықтар алып, тіс емханаларына арнап жаңа технологиямен дәрі-дәрмек шығарып отыр» - дейді Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік Төрағасының орынбасары Өміржан Тәшімов.
Мұрағат
Көп оқылғандар