Екпе балалар организімінің антибиотикке қарсы тұруын еңсеруге мүмкіндік береді
Екпе балалар организімінің антибиотикке қарсы тұруын еңсеруге мүмкіндік береді
5 жыл бұрын 3255 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Балаларға екпе салу өз кезегінде олардың организімінің антибиотикке деген қарсылығын еңсеруге мүмкіндік береді. Бұл арада табысы төмен және орташа елдердегі балаларға екпе салу турасында сөз болып отыр. Күллі әлем бойынша антибиотикті шектен тыс пайдалану салдарынан инфекциялық аурулар кезінде антибиотиктің емдік тиімділігі төмендеп кетеді. Әсіресе, кедей елдерде түрлі жұқпалы індеттердің антибиотикке төзімділігі артып, туберкулез, безгек, өкпенің суықтан қабынуы (пневмония) секілді аурулар белең алып тұр. Бұл бағытта арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізген Бекрлидегі Калифорния университетінің ғалымдарының зерттеу материалы Nature мерзімді басылымында жарияланды. Пневмококколық конъюгаттік және ротавирустық – кеңінен тараған екі екпенің көмегімен иммундау өз кезегінде балалар арасындағы респираторлық инфекция мен іштің өтуін (диарея) едәуір кемітеді. Бұдан бөлек, екпе алған бала кейін ауыра қалған жағдайда антибиотикті аз қабылдайтын болады. Яғни, антибиотиктің аз ғана бөлігінің өзі оның сауығып кетуіне септігін тигізеді. «Бүгінгі таңда әлемнің барлық елі десек болады, антибиотикке төзімділіктен пайда болған дағдарысты еңсеру жолында ұлттық жоспар-жобаларын әзірлеу процесін бастап кетті. Олар өздерінің денсаулық сақтау жүйесі үшін әзірлегенімен оның қаншалықты тиімді екенін көрсететін дерек пен дәйек жоқ. Осы екі екпенің көмегімен қол жеткізілген елеулі әсері туралы нақты мәліметтерді ұсына отырып, дағдарысты еңсеруде екпеге басымдық беруі үшін тер төгеміз»,- деп мәлімдеді Берклидегі Калифорния университетінің эпидемиология кафедрасының доценты Джозеф Левнард. Пневмококколық конъюгаттік екпе респираторлық және құлақ инфекциясына, сепсис пен менингитке апарып соқтыратын Streptococcus pneumoniae (пневмококк) бактериясынан қорғайды. Ал ротавирустық екпе ротавирус салдарынан болатын іштің өтуінен сақтайды. Ротавирустың салдарынан болатын іштің өтуін әдетте бактериялық инфекциядан болатын іштің өтуінен ажырату қиын. Сол себепті, ротавирустық диареядан зардап шеккен балалар қажеттілігі болмаса да антибиотикпен емделіп жатады. Ғалымдар әлемнің табысы төмен және орташа 78 елінің медициналық және демографиялық мәліметтерін саралай келе мынаған көз жеткізген: пневмококтық және ротавирустық екпе антибиотикпен емделетін аса өткір респираторлық инфекциялардың 19,7%-ның алдын алады. Сондай-ақ, бес жасқа дейінгі балалар арасында антибиотикпен емделетін диарея эпизодының 11,4%-ның алдын алады. Аталмыш екі екпенің тиімділігіне қатысты мәліметтерді талдаған ғалымдар алдағы уақытта бес жасқа дейінгі балалар арасында антибиотикпен емделетін аса өткір респираторлық инфекцияның 23,8 млн эпизодының және  диареяның 13,6 млн эпизодының алдын алатынын алға тартып отыр.

0 пікір
Мұрағат