Донорлық ағзалар америкалықтардың өмірін 2 млн жылға ұзартқан
Донорлық ағзалар америкалықтардың өмірін 2 млн жылға ұзартқан
9 жыл бұрын 3994

Жүрек, бүйрек және өзге де донорлық ағзалар америкалық реципиенттердің өмірін екі млн жылға ұзартқан екен. Яғни, тұп-тура ширек ғасырдың ішінде донорлық ағзаларды пайдаланғандардың жалпы санына шаққанда осынша уақытқа олардың өмірі ұзарған. Бұл жайында JAMA Surgery басылымында жарық көрген мақалада айтылған. Бұл талдау жұмыстары өткен ғасырдың 1987 жылдан бергі, яғни, донорлық ағзаларды бөлудің біріккен желісінің АҚШ-тағы донорлық материалдардың пайдаланылу көрсеткішін қадағалауды бастаған кезден бергі уақытты қамтиды. UNOS дерегіне қарағанда, 1987 жылдың қыркүйек айының 1-нен бастап, 2012 жылдың желтоқсан айының 31-не дейінгі уақыт аралығында 533 329 пациент донорлық ағзаға ие болған екен. Тағы 579 506 пациент кезегін күтуде. Сарапшылар донорлық ағзаның ең ауыр сырқатқа шалдыққан адамның өмірін қаншалықты ұзарта алатынын есептеген көрінеді. Олардың есебіне қарағанда, 25 жылдың ішінде донорлық ағзалар пациенттердің жалпы санына шаққанда олардың өмірін 2 270 859 жылға ұзартқан екен. Ғалымдардың айтуынша, бұл – медицина тарихында бұрын-соңды болмаған үлкен жетістік саналады. Нақтырақ айтқанда, бұл бағытта бүйрек алмастырғандардың үлесі көп болып шыққан – жастары  1 372 969 жылға ұзарған, одан кейінгі орында бауыр алмастырғандар – 465 296, жүрек алмастырғандардікі – 269 715. Ал, өкпе алмастырғандардікін  64 575 жылға, асқазан асты безін алмастырғандардікін 79 198 жылға, т.б. өмір жасын ұзартқан. Айта кетейік, бұл арада ғалымдар тек кеңінен тараған донор түрлерінің есебі бойынша осы көрсеткіштерді тізіп отыр. Сонымен қатар, қандай да бір донорлық ағзаның адам жасын қаншаға ұзартатыны да назардан тыс қалмады. Бұл жағынан келгенде жүрек алмастырғандар көш бастап тұр: орташа есеппен алғанда адам өмірін 4,9 жылға ұзартқан. Ал бүйрек пен асқазан асты безін алмастырғандардікі – 4,6 жыл; Ал бауыр доноры адам жасын орта есеп бойынша 4,3 жылға ұзартқан. Тағы бір статистикалық деректі алға тартсақ: донор ағзасына мұқтаж пациенттердің тек 48 пайызына ғана трансплатациялық ота жасалады екен. Қалғандары донордың жетіспеуінен мұндай ота жасатуға үлгермей ана дүниеге аттанып жатады. Оның үстіне, донорлық ағзаға деген мұқтаждық жылдан жылға артып келеді.

0 пікір
Мұрағат