Биологиядағы ең қиын проблема шешімін тапты
Биологиядағы ең қиын проблема шешімін тапты
4 жыл бұрын 3269 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Ғалымдар ақуыздың үш өлшемді құрылымын болжай алатын жасанды зерденің DeepMind AlphaFold жаңа түрін жасады. Бұл жайында islam.kz порталы DeepMind сайтына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Фолдинг проблемасы (ақуыздың бүктетілуі деп түсініңіздер – ред.) күллі әлем биологтарының асу бермес асқар тауына айналған, яғни, шешімі табылмаған проблема ретінде алға шығады. Тіпті, осы заманғы ғылым еңсере алмаған проблема болатын. Аталмыш проблеманы еңсеру үшін ғалымдар жарты ғасыр бойы жатпай-тұрмай ізденіп, бас қатырып келеді. Ғылыми қауымдастық 1994 жылдан бері жүргізіп келе жатқан, ақуызға қатысты Critical Assessment of protein Structure Prediction (CASP) зерттеу нәтижесі көрсеткендей, AlphaFold ақуыздың құрылымын мейлінше дәл болжауға мүмкіндік берген. CASP зерттеуіне қатысқандар әрбіреуі белгілі бір химиялық ерекшелікке ие (мәселен, полярлығы мен гидрофобты өзгешелігі туралы айтуға болады – полярлы топтағы аминдық қышқылдар сумен барынша әрекеттесе алады, оны гидрофилді деп атайды, т.б. осылай кете береді) аминдық қышқылдардың тізбектілігі бойынша қалай бүктелетінін алдын ала болжайтын жүйені ұсынуы тиіс болатын. Бұл арада болжам нәтижесі тәжірибе арқылы анықталатын үш өлшемді құрылыммен салыстырылады. Осы тұста ақуыздың үш өлшемді құрылымы оның қызметімен тығыз байланысты болатынын айта кету керек. Десе де әрбір аминдық қышқыл тізбектілігінің бүктелуіне қатысты теориялық тұрғыдан шексіз тәсілі болатынын ғалымдар жоққа шығармайды. Алайда, олардың тек бірнешеуі ғана жүзеге асады әрі бұл процестің организм үшін қаншалықты маңызға ие екенін айтып жатудың өзі артық.

(ықшамдалып алынды)

0 пікір
Мұрағат